Іле полигонында десанттық-шабуылдаушы әскерінің оқу-жаттығу жиыны өтті

Іле полигонында десанттық-шабуылдаушы әскерінің оқу-жаттығу жиыны өтті

Алматы облысындағы Іле полигонында десанттық-шабуылдаушы әскерінің оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауынгерлер ашық аспан астында ірі әскери техникалармен және әртүрлі қару-жарақтармен әуе шабуылдарына тойтарыс беріп, өрт сөндіру мен әскери ұрыстың жаңа тактикаларын меңгерді.

Ел тынышытығын күзететін әскеріміз қашанда қырағы және сақадай-сай болуы керек. Осы тұрғыда кез келген әскери оқу-жаттығу жиындарының маңызы жоғары. Десанттық-шабуылдаушы әскердің Алматы гарнизонының бөлімшілері осы жылдағы алғашқы дайындық жұмыстарында қорғаныстың түрлі тактикаларын меңгерді. Әскери мамандар бұл жолы көбіне Таулы Қарабахта болған қақтығысты негізге алғандарын айтады. «Яғни, техника дамыған заманда төмен ұшатын және ұшқышсыз ұшатын аппараттарға қалай тойтарыс беру керектігін сарбаздар жете білуі керек», дейді.

Бегімбет Тәжібаев, 61993 әскери бөлімінің командирі:

- Ұшқышсыз ұшатын аппараттарға тойтарыс беру үшін алдымен бақылау аппаратына жүгінеміз. Ол анықталған жағдайда әртүрлі айла-тәсілдерді қолданып, әуе нысандарын атып түсіруге кірісеміз. Қазір сіздер күндізгі уақыттағы 9 бөлімшенің біріккен дайындығын көрдіңіздер. Ал түнде шығатын тағы екі бөлімше бар.

Жаңа тактикалық әдістердің басты мақсаты – жауынгерлік дайындықты арттырып қана қоймай, ең әуелі әскерилердің өмірін сақтап қалу. Өйткені ұшқышсыз ұшатын аппараттың  жасырын және күтпеген жерден соққы беру қаупі басым.

Дінмұхамед Қайратұлы, бөлімше командирі:

- Бүгінгі өтіп жатқан оқу атыс даярлықтары өте жоғары дәрежеде өтті деп ойлаймын. Себебі мұндағы барлық әлемде және жаһанда болып жатқан әскери жаңалықтармен таныса отырып жасалған ұрыс болып табылады.

Оқу-жаттығу жиыны бөлімшелердің арасындағы түсіністікті арттырады. Сондай-ақ олардың әскери тәртіпті қатаң сақтап, төзімділік пен шеберлігін шыңдау мақсатында жасалып отыр. Жауынгерлік дайындықтың келесі кезеңі взвод, рота және батальон арасында өтеді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев