Павлодарда көшеде әйелді балдақпен ұрған ер адам жауапқа тартылды

Ер адамның балдақпен әйелді ұрып-соққаны түсірілген видео әлеуметтік желіде пайда болды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Видеода әйелдің балдақпен шабуыл жасаған ер адамнан өзін қалай қорғанып жатқаны көрінеді. Ер адам болса, оны жерге құлатып, соққыға жыққан. Сол сәтте бір әйел пайда болып, ер адамды тоқтатуға тырысады, алайда ол ұрып-соғуды жалғастыра береді.

Облыстық полиция департаментіндің баспасөз қызметінде қол көтерген ер адамның ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтады.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған видеоны тексеру кезінде Нұрмағамбетов көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанында бірге тұратын адамдар арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқаны анықталды. Оған отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастағы дау себеп болған», - деді Павлодар қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрғали Омарбеков.

Істі Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қараған. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы, 1-1-бөлігі «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Әйел жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алған.

Сот ер адамның бірінші рет жауапқа тартылғанын ескеріп, ескертумен шектелді

Айта кетерлігі, 2021 жылдың басынан бері Павлодарда тұрмыс саласында 60 құқық бұзушылық анықталған және олардың барлығы сотта қаралған.