COVID-19: Ақмола облысында діни орындардың қызметіне шектеу қойылды

Ақмола облысында да коронавирус деректерінің көбеюіне байланысты діни орындардың қызметіне шектеу қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті індетке шалдыққандардың арасында мешіт пен шіркеуге барғандар да болған. «Сол себепті олардың жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүрміз», - дейді мамандар. Жергілікті полицияға ковидпен ауырған адаммен байланыста болғандарды іздестіріп, қатаң бақылауға алу тапсырылды. Олардың үй карантинінде отырмай, сыртта жүретін жағдайы жиі кездеседі. Сондай-ақ аумағы 1 мың шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендер демалыс күндері жұмыс істемейді. Супермаркет, гипермаркеттер болса, азық-түлік бөлімі мен дәріханаларды қоспағанда жексенбі күні халыққа қызмет көрсетпейді. Жаңа қаулы 23 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Сәуле Сәдуақасова, облыстың бас санитар дәрігерінің орынбасары:

- Сауда орындарын демалыс күндері жабуға сол жерлерде көп кісілердің коронавирус жұқтырғаны себеп болып отыр. Ал, олардың басым бөлігі зейнеткерлер. Сондықтан осындай амалға барып отырмыз. Бұл іс-шаралар нәтижесін береді деген үміттеміз.