Бірер айда Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық зауыт іске қосылады 

Коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт наурызда іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жамбыл облысындағы өндірісте ковидтен бөлек, жұқпалы ауруларға қарсы әлеуметтік маңызы бар бірқатар биопрепарат жасалмақ. Бүгін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация сол зауыттың құрылысын көріп қайтты. Вице-премьер мердігер компанияларға құзырлы ведомстволармен тығыз қатынаста жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Бұдан кейін Ералы Тоғжанов биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтына барды. Мұнда ол COVID-19 вакцинасын әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулердің аралық нәтижесімен танысты. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлерге арналған көп қабатты тұрғын үй құрылысын аңдап көрді.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Бердібек Мәшбекұлы Президент тапсырмасына сәйкес құрылысты жүргізіп жатыр. Шілде айында үш үй де толығымен бітеді. Жалақыға қатысты сұрақты да көтердік. Бір айдың ішінде шешім шығады. Сондықтан, ол мәселені де шешеміз. Жасап жатқан еңбектеріңіз елге, халыққа керек.

Сонымен бірге, үкіметтік делегация Отар ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен автоматтандырылған жаңа газ тарату станциясын көріп қайтты.