Шымкенттің іргесіндегі көптеген шағын аудан жарықсыз қалды

Боранды желдің ұйытқи соғуы салдарынан Шымкенттің іргесіндегі көптеген шағын аудан жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір шаһарда электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, шамамен 700 абонент электр қуатынсыз қалған. Қалада желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетті. Таңертеңнен бастап қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Олар қоймадағы барлық инертті материалдарды пайдаланып, жол тазалауға кіріскен. Қазір көшелер мен аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен әлеуметтік нысандар қардан тазартылып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қолайсыз ауа райы қарсаңында тұрғындар үшін мегаполисте дауылды ескерту жарияланғанын жеткізді.

Дархан Райханов, қалалық ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы:

Қала аумағында 25 м/с дейін жел соғуы көзделген. Дауылды ескерту бойынша сонымен қатар ауа райының нашарлауына байланысты бірақатар мөлтек ауданда электр қуатының үзілуі орын алуда. Қазіргі таңда жағдай бір қалыпты бақылауда. Коммуналдық қызметтер өз жұмыстарын атқаруда.

Шымкенттегі коммуналдық қызметке жауапты мамандар апат салдарын кешке дейін қалпына келтіруге уәде берді. Оның ішінде ең әуелі халыққа электр энергиясын қосып беру міндеті тұр. Ертең қалада тағы да күн райы бұзылып, бұрқасын соғып, жел күшейеді деген болжам бар. Бұдан бөлек елдің оңтүстігінде Алматы – Ташкент – Термез республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы тоқтады. Үлкен тасжолда көру мүмкіндігі нашарлап, қарлы боран және көктайғақ болды. Мамандар жолаушылардың ұзақ сапарларға шықпауын ескертеді