БҚО-да мейрамхана иелері шектеу шараларына наразы болып отыр

Батыс Қазақстан облысының қызыл аймаққа кіруіне байланысты шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта эпидемиологиялық жағдай мәз емес, соңғы тәулікте індетке шалдығудың 61 жаңа дерегі тіркелді. Мемлекеттік және квазимемлекттік сектор қызметкерлерінің 80 проценті қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Ұжымдық, отбасылық және басқа да адам көп жиналатын іс-шараға қатаң тыйым салынады. Сауналар мен спа орталықтары, фитнес залдар, спорттық сауықтыру кешендері сенбі-жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс кестесі таңғы тоғыздан кешкі 20:00-ге дейін қысқарды. Орындардың толтырылуы 50 проценттен аспауы керек. Бұған наразылық танытқан мейрамхана иелері өз нысандарын мүлде жауып тастауға ниет танытып отыр.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Барлық ойын-сауық объектілері, кинотеатрлар, театрлар, мәдениет объектілерінің, банкет залдарының, ойын алаңдары, түнгі клубтар қызметіне тиым салынды. Азық-түлік және азық-түлік емес ашық базарлар жексенбі күні жұмысын тоқтадады. Сауда үйлері мен орталықтары, оларда орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды, сұлулық салондары мен химиялық тазартқыштары қоспағанда сенбі, жексенбі күні жұмыстарын тоқтатады.

Азамат Баймұрзин, мейрамхана директоры:

– Біз өте зор шығынға батып жатырмыз, сондықтан жабылатын болып шештік. Егер бұған дейінгідей сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берсе, ашар едік. Қонақтар бізге сағат кешкі 7-де келеді, ал 8-де біз жабылуымыз керек. Күндіз бізге ешкім келмейді, адамдардар сағат 6-ға дейін жұмыс істейді ғой. Қазіргі қиын жағдайға байланысты аспаздарды, даяшылар мен жүргізушілерді жұмыстан қысқартуға тура келді. Енді біз жұмыс кестесін өзгертуді талап ететін боламыз.