Қомақты айыппұл қостанайлық кәсіпкерлерді әбігерге салды

Қостанайлық кәсіпкерлер санитарлық-эпидемиологиялық және мониторингтік топ қызметіне наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіп иелері тиісті мекемелер қашанда қомақты айыппұл салуға дайын тұратынын айтып «Атамекенге» шағымданды. Пандемия кезінде шағын және ірі бизнес нысандары санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 638 мыңнан 4,5 миллион теңгеге дейін жазалануы мүмкін. Карантин басталғалы тәртіпке бағынбаған кәсіп иелері 60 миллион теңгеге жуық айыппұл төлепті. Санитарлық нормаларды өрескел бұзғаны үшін облыстағы екі кальян және караоке-бардың жұмысы тоқтап тұр.

Владимир Шакун, Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы:

– Бұзылған санитарлық талаптар қоғамға төндіретін қаупі бойынша әртүрлі болады. Бірақ салынатын айыппұл көлемі қашанда өзгеріссіз. Оны өтеуге әркімнің қалтасы көтермейді. Бұған қоса мониторингтік топ өкілдерінің тізімі әкімдіктер сайтында жарияланғаны жөн. Жемқорлық тәуекелділігін болдырмас үшін кәсіпкерлер тексеруге келетіндердің аты-жөнін білгені дұрыс.