Мақат ауданының шаруалары жем-шөпке берілетін субсидиядан қағылды

Екі жыл жайлаған құрғақшылықтан шығынға батқан қожалық иелері, мал азығын көрші облыстардан сатып алып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалар мемлекеттен бөлінетін қаражатқа сенген. Алайда, жыл аяғына дейін созылған уәде құрдымға кетті. Өнімі өтпеген шаруашылықтар асыл тұқымды мал басына төленетін жеңілдікке қолжеткізе алмай жүр.

Шаруа қожалығының жетекшісі Ғазиз Ғабдуллиннің облыс орталығы мен ауыл арасына шапқылағанына бір айдан асыпты. Ол қыстық мал азығын дайындауға кеткен шығынға бөлінетін мемлекеттік субсидияны даулайды. Жалпы, биыл Мақат ауданында мал өсірумен айналысып келген 29 шағын шаруашылық мемлекет бөлген субсидиядан құр қалып отыр.

Ғазиз Ғабдуллин, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Ақпарат толық қанды жетпеді. Мақат ауданында қанша басқарма бөлімдері болса да, осы жем-шөп субсидиясы беріледі дегенді Мақат ауданының шаруалары естімегендіктен, ала алмай қалып отыр. Бізде енді шабындық жоқ деп айтуға болады. Шөпті бәрін сатып аламыз. 200 үстінде ірі қарамыз бар.

Жалпы, облыстың ауылшаруашылғы соның ішінде мал шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау бар. Оның бірі мал азығын дайындауға кеткен шығын субсидиясы. Тек биылға 699 млн теңге қаралыпты. Өкініштісі сол, жергілікті жауапты сала мамандарының жауапсыздығынан оған кейбірінің қолы жетпеген.

Тілек Әміров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а.:

– Енді қазір барлық өтінім субсидия алуға электронды жүйеде жүзеге асырылады. Барлық аудан қамтылғанымен, биыл аудандар ішінде Мақат ауданынан субсидия алуға өтінімдер түспеуіне байланысты субсидияланған жоқ. Жалпы, облыстағы 208 құрылым осы бөлінген 699 млнды игерді.

Облыс бойынша түйе мен жылқыны айтпағанда, 180 мыңнан астам сиыр, 600 мыңға тарта қой-ешкі бар. Мүмкіндік жасалса, мал басын мыңғыртып өсіруге ынталы шаруашылықтар жетерлік. Тек мал өнімін өткізуде түйіткіл мәселелер   бар. Себебі, сұраныс аз. Шаруалар малын тек тірідей сатады. Ал ол шаруашылықтың шығынын ақтамайды.

Нартай Амандықұлы, шаруа:

Егер де облыс тарапынан өңдейтін кәсіпорындар ашылса, қымбатқа сатар едік. 250-300 мыңға сатқанда жемі бар, шөбі бар өзінен артылмайды. Аудан, облыс көлемінде кәсіпорындар ашылса, бізге қолайлы болар еді. Теріні қазір алмайды, сойылған малдың терісін қоқысқа тастаймыз амалсыздан, оны пайдаға асыра алмаймыз. 

Мал өнімінің өңделмеуі себепті шаруалар қазір жаппай шығынға батуда. Ендігі бір амал, ол –  мал басын асылдандыру. Егер де осы сиырлардың тұқымы ангус немесе семинтал болатын болса, оның аталығына да, аналығына да 150 мың теңгеден ақша төленеді екен. Ал әзірге тегін, яғни тек қана шығынға жұмыс істеп жатыр.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, Атырау облысындағы 208 шаруашылықтың тек 40-ы ғана «асыл тұқымды» мәртебесіне ие. Қалғандары мал басын көбейтуді ғана қанағат тұтып отыр. Салдарынан мемлекет тарапынан бөлінетін  жеңілдіктерге қолжеткізе алмай келеді. Осыған орай енді мұнайлы өңірде асыл тұқымды кешенді мал фермаларын құру қолға алынбақ. Қазір осы бағытта 4 жоба жүзеге асып жатыр.

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов