ШҚО-да бір ауылдың тұрғындары ауызсудан тарығып отыр

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Көкөзек ауылының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Редакциямызға хабарласқан тұрғындар тіршілік нәрін өзеннен тасуға мәжбүр екенін айтады. 3 жыл бұрын су құбыры жаңадан тартылған. Алайда мәселе толық шешілмеген. Аудан әкіміндегі жауапты мамандар елдімекендегі 345 үйдің тек 40-да түйткіл бар, оның өзі су деңгейінің төмендеуіне байланысты дейді. Биыл көктемде қосымша 2 ұңғыма қазу көзделіп отыр.

Қасым Қайсенов көшесінің тұрғындары күн аралата өзенге сапарлайды екен.

Қыста шана, жазда арба сүйреген жұрт өзендегі судың сапасы сын көтермейтінін айтады. Қанша қайнатсаң да ішуге жарамсыз екен. Өйткені ауылдың малы да осы жерді суатқа айналдырған.

Гымыңгүл Құрбан, Көкөзек ауылының тұрғыны:

– Бір тамшы су жоқ. Осы көшенің бәрінде жоқ, жеке біз емес. Суды өзеннен ішеміз, кейде сол көшедегі бар жерден барып, көрші қолаңдардан үйге су алып келеміз. Әзір қыста шанамен тасып жүрміз. Ішетін су да, кір-қоң жуатын су да баяғы сол. Мына шал-кемпір күйіміз де келмей бара жатыр, сөздің шынын айтқанда.

Әлімхан Тоқан, Көкөзек ауылының тұрғыны:

– Су мәселесі ерекше қиын болып тұр, 3 жыл болды ғой деймін бұны жөндегеніне. Күнде жарылады, дұрыс жөнделмеген. Бөлген дүниені дұрыс халыққа жеткізіп бермегеннен кейін әрине ашынамыз ғой.

Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттен 670 миллион теңге қаражат бөлініп, осы ауылға жаңа су құбыры тартылған. Мердігерлер жұмысты сапалы атқарғандарын айтып ақталады. Барлық гәп су деңгейінің түсіп кетуіне байланысты екен. Мұны аудандық құрылыс бөлімінің мамандары да растап отыр. Сондықтан биыл тығырықтан шығатын жаңа жоба қолға алынбақ.

Талғат Андасов, Үржар аудандық Құрылыс бөлімінің маманы:

– Былтырдан бастап судың деңгейі төмен түсіп кетуіне байланысты кейбір көшелерде су жетпей қалды. Мұнда 345 аула, 1200 адам тұрады, 80-90 проценті сумен қамтылған. Бұл мәселе аудан әкімінің бақылауында, жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы жылы осы мәселені шешу үшін қосымша ұңғыма қазу жоспарда. Көктем шыға сол ұңғыманы қазып, 100-120 метрге дейін қазамыз деген жоспарда, сонда су мәселесі шешіледі.

Қосымша ұңғымалар қазу жобасына аудандық бюджеттен 25 миллион теңге бөлініпті. Күн жылына жұмыстар басталмақ. Ал оған дейін 40 шақты үйдің тұрғындарына суды тасымалдап ішуге тура келеді.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы