Түркістан облысында қырыққабат егу жұмыстары басталды  

Арқада аяз, ал күнгейде қырыққабат егу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Жетісайлық диқандар мың гектар алқапқа ерте пісетін орамжапырақ көшетін егуді жоспарлап отыр. Қазір 12 гектар жерге қырыққабаттың көшеті егілген.

Жетісайлық диқан Нұркен Өтешов 6 жылдан бері қырыққабат егумен айналысады. Биыл 30 гектар алқапқа орамжапырақтың ерте пісетін көшетін отырғызуда. Былтыр 50 гектарға еккен. Карантинге байланысты біраз қиналғанын айтады. Сондықтан биыл картоп, сәбіз, пияз сияқты қажетті өнімдерді егуді жоспарлап, екі өнім алуды да жоспарлап отыр.

Нұркен Өтешов, шаруашылық жетекшісі:

Қырыққабат егіп жатырмыз қазір. Екі өнім аламыз. Біріншісіне қырыққабат егіп жатырмыз. Екіншісіне мақта егеміз. Қазір мұнда 50-60 жұмыс істеп жатыр. Былтыр менде барлығы болды. Қауын-қарбыз, баклажан болды. Былтырғы жылы карантиннің әсері болмаса, өнім жақсы болды. Биыл да жақсы болады деген үміттеміз.

Жем емген диқандар көшет отырғызу жұмыстарын енді бастаса, кейбірі пленканың астына еккен алғашқы өнімдерін жинап жатыр. Алдағы аптада экспортқа шығаруда жоспарланып отыр. Аудан шаруалары өткен жылы мың гектарға қырыққабат көшетін отырса, одан 36 мың тонна өнім жинаған. Карантинге байланысты дайын өнімнің жартысын ғана экспортқа шығара алған. Сондықтан ауыл шаруашылығына жауапты мамандар шаруаларға халық күнделікті тұтынатын өнімдерді егуге кеңес береді. Әрі тамшылатып суару әдісін қолданысқа енгізбек.

Қазір ауданда көктемгі дала жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Нұртас Тұрсынбеков, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

– Қазіргі таңда 78 мың гектарға агротехникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 60 мыңнан астам жер айдалып, сор шаю жұмыстары жүргізілуде. 4 мың гектардың соры шайылды. Қазір ауа райының қолайлы болуына баланысты көктемгі қырыққабат дақылы егіліп жатыр. Қазір 12 гектарға егілді. Сәуір, мамыр айларында өнім алына бастайды.

Биыл Жетісай ауданы бойынша 78 мың гектар алқапқа егіс егіледі деп жоспарланып отыр. Шаруалар негізінен екі өнім алу мен тамшылатып суару әдісіне басымдық бермек.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы