Түркістан облысында ауа райы тосын мінез танытты

Бүгін Түркістан облысында ауа райы тосын мінез танытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісайда жұрт қырыққабат ексе, Ордабасыда қыс қаһарына мінді. Ақтүтек боран республикалық маңызы бар жолдарда көліктердің қозғалуына кедергі келтірді. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жолда қалып қойған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетті. Құтқаруға жеке құрамның қызметкерлері де жұмылдырылды. Мәселен, Ордабасы ауданының полиция қызметкерлері адам қалып қоймас үшін жол бойында тұрған көліктердің барлығын тексеріп шықты. Жолда қалған жолаушыларды жақын маңдағы жылы орындарға жеткізіп, қажетті көмек көрсетті.

Ержігіт Қонарбаев, Ордабасы аудандық Полиция бөлімі Патрульдік полиция тобының инспекторы:

– Құрметті жүргізушілер, боранда мейлінше сабыр сақтап, жылы үйде отырғандарыңыз жөн. Алыс жолға мүлде шықпаңыздар. Бірқатар жол қардың салдарынан жабылып, автокөліктер жүрісін тоқтатып жатыр. Сондықтан боран басылғанша жолға шықпаңыздар.