Бала күтушілерге сенуге бола ма

Балаңызды кімге аманаттап жүрсіз?

Елімізде сәбилерге қол көтеріп, бағалы заттарды ұрлап кететін күтушілер көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған әлеуметтік желіде желдей ескен шағымдар дәлел. Есесіне кәсіби бала тәрбиешісі жетіспейді. Мұндайда қайтпек керек?

1,5 жастағы сәбиді аямай таяққа алған күтуші үйдегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жұмысбасты ата-ана балаларының шырылдап жылайтынын көршілерінен білді. Жедел камера орнатып, үйдегі жайды бақылап отыруға бел буған. Бекер емес екен. Сұмдық жайттың куәсі болған олар бірден құзырлы органға шағымданады. Баланың әкесінің айтуынша, жауыз күтуші әлі де жазаланбаған.

Осындай оқиға Раушан Оразаеваның да есінде бар. Танысы ұсынған күтушіні жұмысқа алған ол ақшасын ұрлатады. Балаларының қауіпсіздігіне де қатты алаңдады. Бірақ сенімді күтуші таба алмаған.

Раушан Оразаева, қала тұрғыны:

Сенім болғаны маңызды. Мен әр күтушіге күдікпен қарайтын болдым. Оның жақсы адам екенін жүрекпен сезсем ғана жұмысқа қабылдаймын деп шештім. Міндетті түрде күтушінің бұрынғы жұмыс берушісінен мінездеме сұраймын. Балаларыңның пікірін де сұрау керек. Баланың қауіпсіздігі мен үшін өте маңызды.

Мамандар мұндай жағдайдың жиілегенін айтады. Себебі оларға кәсіби күтушілерді іздеуден гөрі таныс арқылы тапқан сенімді әрі тиімді көрінеді. Өкінішке қарай, шын мәнінде балаға жанашыр күтушілер тым сирек.

Гүлнәр Шағамбаева, «Әулет персонал» агенттігінің директоры:

Ақша үнемдеуді қалайтын ата-аналар бар. Оларды да түсінуге болады. Мұндай қызмет түрін ұсынатын заңды ұйымдар барын білмеуі де мүмкін.

Үнемдемейтін, есесіне талапшыл ата-ана да бар. Шарттың басында күтушінің тиянақтылығы, тіл білуі, тәжірибесі тұр. Бірақ мұндай мамандар елде тапшы. Сондықтан елордадағы «Әулет персонал» агенттігі білікті күтушілерді дайындауға тырысады. Арнайы курстан өткен маман ғана бала бағуға жіберіледі.

Гүлнәр Шағамбаева, «Әулет персонал» агенттігінің директоры:

– Күтуші болу үшін арнайы мамандық игеру қажет емес. Бұл аса жауапты жұмыс қой. Сондықтан қиындыққа шыдамайтын адамдар тұрақтамайды. Бастысы, баланың қауіпсіздігі. Баланы жанындай жақсы көретін қыздарымыз сүйікті ісімен айналысып жүр. Олардың жалақысы 100 мың теңгеден басталады.

Естімеген елде көп. Баланың ғана емес, күтушінің де қауіпсіздігі маңызды. Бала тәрбиешісін байлап ұстап отырған ата-аналар бар екен. Ақмола облысында Өзбекстан азаматшасын жұмысқа жегіп ақшасын да, құжатын да бермей келген жанұяға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Сұлтан Марат, «Қорғау астана» қорының директоры:

– Қазіргі уақытта оны астанаға алып келдік. Қазіргі уақытта ол приютта жатыр. Әлеуметтік құқықтық көмектер көрсетілуде. Қылмыстық іс қозғалды.

Міне, қоғамды алаңдатқан жайттар осы. Мамандар баланың болашағы үшін желідегі жарнамаға сенбей, кәсіби күтушілермен етене жұмыс істеуге кеңес береді.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Жандос Сұлтанғазы