423,81 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елімізде алғаш рет ветеринарлық оңалту орталығы ашылды

  • 289
  • UPD: 09:06, 23.01.2021

Елімізде алғаш рет ветеринарлық медицина саласындағы оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда жүре алмай қалған ит пен мысықтар емделеді. Нысанда массаж кабинетінен бастап арнайы бассейн де қарастырылған. Өзгеше орталық қазірдің өзінде жүре алмай қалған жануарларға толы.

Линда атты мына итті жануар жанашырлары жарақат алып жатқан жерінен тауып алған. Жүре алмайтын жануар толыққанды тексеріліп, арнайы клиникада сынған артқы аяғы мен жамбасына операция жасалыпты. Сәл әлденген соң оңалту орталығына жеткізілген.

Дарья Панкова, ветеринар:

- Линда біздің орталыққа келгенде жағдайы нашар болатын. Қатты шошып қалған, жүре алмайтын. Оңалту орталығына келген соң жарақаты жылдам жазыла бастады. Қазір еркін жүре алады. Алайда операция жасалған аяғының табаны кемістеу болып қалды.

Бірнеше жыл бұрын оқ тиген немесе қатты соққыдан омыртқасына зақым келген жануарларға эвтаназия жасалатын. Ал, ветеринарлық медицина орталығы ашылғалы бері мертіккен төрт аяқтылар өз бетінше жүре алатын жағдайға жетті. Мысалы мына Бублик есімді мысықтың қазір жағдайы жақсы. Оны марғау кезінде көшеден қала тұрғыны тауып алған.

Карина Байгелдинова, қала тұрғыны:

- Оның бел омыртқасы сынған. Қалай жарақат алғаны белгісіз. Арнайы рентген жасап, одан кейін операция жасалды. Мысықты асырап алдым. Қазір оңалтуға алып келдім.

Мамандардың айтуынша, үй жануарларының аяққа тұрып кетуінің 50%-і операцияға, қалған 50%-і күтімге байланысты. Оларға да физиотерапия, гимнастика мен арнайы жүгіретін жол қажет. Бұл жаттығулар ит пен мысықтың тез оңалуына септігін тигізеді. Мұнда тіптен қаңғыбас төрт аяқтыларға арналған қонақ үй бар. Оңалту шараларынан кейін қызметкерлер жануарларға жаңа иесін тауып беруге көмектеседі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Анастасия Вылегжанина, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы