Қарағандыда тұңғыш дәрігер-волонтер мектебі ашылды

Қарағандыда тұңғыш рет дәрігер-волонтер мектебі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар коронавирустық инфекция жұқтырғандарға жәрдемдеседі. Қазірдің өзінде курсқа 100-ге жуық ерікті жазылып қойған. Бір қызығы, олардың арасында басқа мамандық иелері де бар. Өңірдегі арна тілшісі Дәуренбек Бағдәулетұлы да бір күндік курсқа қатысып келді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Мұндағы әр сабақ қорғаныш костюмін киюден басталады. Ол сабақтың кіріспесі іспетті. Тек содан кейін ғана лекция басталады.

Жобаның жетекшісі Дарын Әбілжанов. Медициналық университеттің 5-курс студенті. Каникул кезінде өзі де ауруханада ерікті түрде көмек көрсеткен. «Әсіресе, маусым айында медицинадан хабары бар жандар тапшылығы байқалған» дейді.

Гүлшат Кемелова, Симуляциялық және білім беру технологиялары орталығының директоры:

- Індеттің бірінші толқыны кезінде Дарын инфекциялық госпитальда жұмыс істеді. Бос уақытында үйде ем қабылдап жатқандарға барып, екпе салып жүрді. Сондай-ақ қысымын өлшеп, үйде болған кезде сақтық шараларын сақтау туралы айтып жүрді.

Волонтер мектебінде өзге де мамандық иелері бар. Сондықтан тыңдаушылар екі топқа бөлінген. Медициналық білімі барлар арнайы курс оқыса, өзге мамандық иелері ковид жұқтырған жандардың күтімі бойынша білімін жетілдіреді.  

Дарын Әбілжанов, жобаның үйлестірушісі:

- Волонтерлер бізде 15 онлайн сабақ және 5 практикалық дағдыны оқиды. Волонтер мектебінде сабақ біткен соң оған сертификат береміз. Ол оның медициналық көмек көрсетуге дайын екенін айқындайтын болады.

Ұйымдастырушылар жоба аясында кемі 1000 адамның медициналық білімін жетілдірмек. Олар қажет жағдайда дәрігерлерге көмекші болады. Пандемия аяқталған соң волонтерлар өзге де аурулардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізбек.

Аворлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев