Қарағанды облысында жыр болған жылу қазандығын аяқтауға тағы 7 млрд теңге бөлінді

Қарағанды облысының Саран қаласында орталық жылу жүйесі 2022 жылдың қазан айында іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мұнда жаңа нысан салынып жатыр. Қала орталық жылу жүйесіне 2015 жылы қосылуы тиіс еді. Бірақ бөлінген 5 млрд теңге талан-таражға түсіп, салдарынан бірқатар шенеунік заң алдында жауап беріп жатыр. Қаланың бұрынғы әкімі Анатолий Шкарупаға қатысты сот шешімі жақын арада шығуы тиіс. Мемлекеттік айыптаушы оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Қазір жылу қазандығын орнату жобасына жаңа компания тартылып, тағы да 7 миллиард теңге бюджет қаржысы бөлінді. Мердігер нысанды уақытынан кешіктірмей тапсыруға уәде берді.

Асылбек Төкенов, жоба жетекшісі:

– Қазір 4 қазандыққа тапсырыс бердік. Соны алсақ деп отырмыз. Саран қаласына керек жылу 80 Гкал сағатына. Ал мұның қуаты 100 Гкал болады. 3 қазандық істеп, біреуі резервте болады.