Тасқыннан кейінгі тіршілік: мақтааралдықтардың жағдайы қалай?

Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен үш ауылдың тұрғындарына 400-ге жуық үйі бар жаңа мөлтек аудан салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді олардың дәрігерлік амбулаториясы мен саябағы бар. Жақын арада мектеп пен балабақшаның құрылысы аяқталады. Төтенше жағдайдан бері 9 ай өтті.

Дінмұхамед Ермеков Жеңіс ауылында туып, өмір бойы сонда тұрған. Тіпті көшу туралы мүлде ойламағанын айтады. Бірақ өткен жылдың мамыр айында болған су тасқыны тек Жеңіс ауылының тұрғындарына ғана емес, тұтас мақтааралдықтардың өміріне өзгеріс әкелді. Сегіз ауыл су астында қалды. Алғашында жұртпен бірге қауіпсіз аймаққа көшірілген Ермековтар әулеті кейін 6 ай бойы туыстарының үйін паналаған. Қазір өз баспаналары бар.  

Дінмұхамед Ермеков, Мақтаарал ауданының тұрғыны:

– Ауылдағы үйден бұл жерге қалаға келгендей болып отырмыз. Үйдің ішінде барлық жағдай жасалған. Интернет, газ, су барлығы бар. Үкіметке рақмет, үй салып беріп, жағдай жасап беріп жатқан.

Аудан орталығы Мырзакент ауылы маңынан бой көтерген жаңа шағын ауданға су тасқынынан баспаналары мүлдем жарамсыз боп қалған Жаңатұрмыс, Жеңіс және Достық елді мекенінің тұрғындары жайғасты. Мұнда барлығы бірдей 386 жаңа баспана салынды. Қазір бұл аумақ Мақтааралдағы ең таңдаулы аудан саналады. Қазір жаңа мектеп пен балабақшаның құрылысы жүріп жатыр.

Бижан Манарбеков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

– 1200 орындық мектептің құрылысы өткен жылы басталып, қазір қыш қалау жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айына дейін толық пайдалануға беріліп, осы жерде оқитын болады. 280 орынға арналған балабақша 2021 жылдың мамыр айына тапсыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мұнда 25 орынға лайықталған жаңа заманауи амбулатория салынды. Қазір құрылысы толық аяқталып, ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Осы аптаның ішінде пайдалануға берілмек. Енді аудан тұрғындарының өз емдеу орталығы бар. Сондай-ақ мұнда аудан тұрғындарына ыңғайлы болу үшін 316 млн теңгеге екі бірдей жаңа саябақ ашылды. Ағаштар отырғызылып, орындықтар мен жарық шамдар орнатылды. 

Ғабит Полатов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Біздің жаңа мөлтек ауданымыз 70 гектар деп аталады. Осы жерде тұрғындар серуендеп, бала-шағаларымен ойнап-күліп жүретіндей жағдай жасалған. Мұнда 12,5 шақырым жол салынған. Кәріз жүйесімен қамтылған. Мырзакенттің өзінде кәріз жүйесі жоқ.

Ал су тасқынынан баспаналары бүлінген Өргебас пен Фирдауси ауылының тұрғындарына өздері үй салып алу үшін мемлекет 17 млн теңгеден ақша берді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы