Атыраулық тұрғын әкім мансабынан бас тартып, полицей атанды

Атырау облысы Мақат ауданына қарасты Бәйгетөбе ауылының әкімі мансабынан бас тартып, бала күнгі арманына бет бұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастайынан құқық қорғау саласында қызмет етуді қалаған азамат, қазір учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеп жүр.

Зинел Қайыров алғаш еңбек жолын 2009 жылы мұғалім болып бастаған. Кейін мектеп директорының орынбасары қызметін де атқарды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді жас осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімі болып отыр еді. Бірақ бала күнгі арманын орындау үшін ол абыройлы қызметінен бас тартқан.

Зинел Қайыров, қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Қазақта айтады ғой: «армансз адам қанатсыз құспен тең». Бала кездегі арманым – полиция қызметкері болу. Бала кезімізде ауылда өскеннен кейін ауыл арасында полиция қызметкерлері кетіп бара жатқанда, сырт келбетіне, олардың жүріс-тұрысына қарап, қызығып өскен едік.

Қазіргі кезде ол Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының тәртібі мен тыныштығын күзетеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің азаматтық борышы санаған жас полицей бүгінде жемісті жұмыс істеп келеді. Басшылар арасында да беделі жоғары.

Нұрлыбек Кенжеғұлов, қалалық ПБ №1 ҚПБ ЖПҚБ басшысы:

– Өзіне берілген тапсырмаларды уақытында орындайды. Қызметкерлер арасында беделді. Бала кезіндегі арманы. Арманына қазір жетіп жатыр деп ойлаймыз. Әрі қарай полиция қызметкерінің адал зейнеткері болуға өзінің арманы бар.

Бала күнгі арманын орындау үшін түрлі саладан ауысып келіп жатқан Зинелдің әріптестері де жетерлік. Олар да ел тыныштығын күзетуді басты парыз деп санайды.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев