Өскеменде 400 көшеге жарық орнатылады

Өскеменде 400-ге жуық көшеге жарық орнатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың барлығы – энергия үнемдейтін шамдар. Ал бұрынғы ескі жарық бергіш қондырғылар да кәдеге жарап жатыр. Қайтадан жөндеуден өткізіп, шырағын жаңалап көп қабатты үйлердің ауласына орнатылады. Ескі жарықтарды қалалық тұрғын үй коммуналдық қызметі өз қаражатына жөндетеді. Бүгінге дейін 200-ге жуық энергия үнемдейтін шам жеке пәтер кооперативі иелеріне таратылды. Ал жалпы осы жылдың соңына дейін қала көшелеріне 14000-нан астам энергия үнемдейтін шам орнату жоспарланып отыр.

Владимир Грицай, мердігер компания директоры:

– Барлық жеке пәтер иелері кооперативтерінде мұндай шамдарды сатып алуға қаржылық мүмкіндіктер жоқ. Сондықтан біз ол жұмысты өз қаржымызға орнатып жатырмыз. Ескі шамдарды әкімдік бізге тегін берді. Есесіне біз жаңасын орнатып жатырмыз.