Қарағандыда қорғаныш респираторларын шығаратын цех іске қосылды

Қарағанды қаласында тәулігіне 10 мыңға дейін қорғаныш респираторын шығаратын цех іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ерекшелігі, ондағы қызметкерлердің тең жартысы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайды.

Асхаттың қолының кемдігі жұмысына кедергі емес. Тәулігіне 10 мыңға жуық дайын респираторды қаптайды. Қасындағы әріптесі Алмаздың да анда-санда аяқ-қолы тартылып қалатыны бар. Оған туа біткен сал ауруы деген диагноз қойылған. Мұндағыдардың бәрі бірдей тағдыр тәлкегін тартып келе жатыр. Алайда, әрбірі еңбексүйгіш.

Алмаз Дайыров, цех жұмысшысы:

– Колледж бітірген соң осында келгем. Осында істеп жүргеніме 4 жыл болды. Айлығым 69 мың теңге. Жоспарымосында үйлену.

Басшылық жақында ғана Қытайдан құрылғы сатып әкелген. Алдағы уақытта айлық өнімді 1 млн-ға жеткізу жоспары бар. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Тауарды патенттеп те үлгерген. Қытайдың осыған ұқсас қорғаныш заттарынан гөрі Қарағандыда жасалған респираторлар әлдеқайда сапалы. 

Ақылбек Бекенов, цех басшысының орынбасары:

– Біздегі қорғаныш қатары 4 қабаттан тұрады. Қазір бірқатар кәсіпорындармен келісімшартқа отырдық. Алдағы уақытта Ресейге де шығару жоспары бар. Қазір бізде 30-дан астам адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қызметкерлер саны 100-ге дейін жетеді.

Егер жұмысшылар саны артатын болса, кәсіпорын басшылығы оларды өздері оқытып алмақ. Тіпті жауапты мамандармен келіссөз жүргізіп қойған. Тек ғимараттың тарлығы қолбайлау болып отыр. Ал басшылық алдағы уақытта ерекше жандардың қолынан шыққан респираторлардың бір тобын парламент депутаттарына тегін жолдамақ.

Авторлар: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев