Қарағанды облысындағы қаңырап қалған аудан қайта қалпына келеді

Қарағанды облысының Саран қаласында қаңырап қалған шағын аудан қалпына келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Резина-техникалық өнім шығаратын зауыт жабылып қалған соң, мыңдаған тұрғын жаппай көшіп кеткен. Салдарынан бес және тоғыз қабатты қаншама үй қаңырап қалды. Қазір осы өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, қажетсіз қалған үйлер қайта жөнделе бастады.

Саран гуманитарлы-техникалық колледжінде қызмет істейтін Айдана Оспанова баспанасын 10 жыл күткен. Жақында ғана оның отбасына 2 бөлмелі пәтер бұйырды. Баспана орталықтан қашықтау болса да, болашағы бұрынғыдай жарқын боларына сеніммен қарайды. 

Айдана Оспанова, Саран қаласының тұрғыны:

– Жылдар бойы күткен арманымыз орындалды. Енді осы РТИ әрі қарай өсіп-өнеді дегенге сенімдеміз. Әсіресе жастардың кенті болады деп ойлаймын.

Қазір қалыпқа келтірілген мына екі үйге 89 отбасы көшіп келеді. Бір кезде ұмыт қала жаздаған шағын ауданның бойына қайтадан қан жүгіре бастады. Автобус паркі ашылып, жаңа зауыттар салынып жатыр. Осы кәсіпорындар өз қызметкерлеріне 2 көпқабатты үйді қалыпқа келтіріп бермек. 

Алмас Сүлейменов, Саран қаласы әкімінің орынбасары:

– Биыл 2021 жылға құжаттар дайын, қалыпқа келтіруді бастаймыз. Биыл 10 үй жөнделеді. 6 үйді үкімет қаржысына, 2 үйді кәсіпорындар алайын деп жатыр. Тағы бір үйді СПК Сарыарқа алды.

Саран қаласында баспана кезегінде тұрған бір мыңға жуық адам бар. Әкімдік көпбалалы және аз қамтылған отбасылар және мүгедектерге баспана тегін беріледі деп отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Украинаның Припять деген қаласын естіген боларсыз, сол Чернобыль апаты болған жер. Сонымен осы Саран қаласының РТИ-і тағдырлас негізі. Осында да зауыт жабылған соң, мыңдаған адам тұрған керемет жер қаңырап бос қалды. Жергілікті билік осында 100-ге жуық қаңыраған үй бар дейді. Оның кемі 70-ін қалыпқа келітіреміз деп отыр. Жергілікті тұрғындар оған үмітпен де, күдікпен де қарап отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев