419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында мал шарушылығы дамып келеді

  • 235
  • UPD: 19:57, 24.01.2021

Ақмола облысының шаруалары өткен жылы отандық асыл тұқымды 10 мың ірі қара сатып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелден алдырғандар да бар. Нәтижесінде аймақта 100-ге жуық ет бағытындағы және 18 тауарлы сүт фермасы іске қосылды.

Бұланды ауданының Капитоновка ауылындағы бұл серіктестік кәсіпті алғашында 20 сиырмен ғана бастаған. Ал бүгінде асылтұқымды ірі қара өсіретін аймақтағы іргелі шаруашылыққа айналды. Қазір мұнда 3 мың бас зеңгі баба тұқымы бар. Ал жоспар – олардың қатарын 5 мыңға жеткізу дейді қожалық басшысы. Себебі мемлекеттен қолдау көрсетіледі.

Тимур Андаров, серіктестік директоры:

– Мемлекетке, яғни комбинаттарға ет өткіземіз. Мәселен, 2020 жылы біз 200 бас тапсырдық. Еттің келісін 1600-1700 теңгеден сатамыз. Ал Үкіметтен әр келіге 200 теңгеден субсидия аламыз.

Осылайша бұл шаруашылық бір жылда 38 млн теңге субсидия алған. Ал жалпы өткен жылы өңірде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 9 млрд теңгеден астам қайтарымсыз қаражат беріліпті. Бірақ қолдау қанша жерден күшті болғанымен аймақтағы сүт және ет зауыттары әлі күнге дейін толық қуаттылығына шыға алмай келеді. Мәселен, сүт зауыттары қазір 65, ал ет өңдеу кәсіпорындары орташа есеппен 78-79 процентке жұмыс істеп тұр.

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бұл негізі нашар көрсеткіш емес. Өткен жылдары 76 процент болатын. Яғни олардың жүктелуі жылына 3-5 процентке артып келеді. Әрине, барлығының бірдей 100 процент жұмыс істегені жақсы. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Дегенмен олардың қуаттылығын 95 процентке жеткізу керек деп алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз.

Жалпы өңірде былтыр 23 мың тонна сиыр еті өндірілген. Мамандар бұл көрсеткіштің жылына 1 мың тоннаға өсіп келетінін айтады. Ал алдағы 3 жылда ет өңдеу кешендерін барынша қамтамасыз ету үшін бұл көрсеткішті 35 мың тоннаға жеткізу міндеті тұр. Сүт зауыттарының жағдайына келер болсақ, оларда шикізат тапшылығы тек қыстыгүні ғана төмендейді. Ал жазда өндіріс қарқынды жұмыс істейді дейді жауаптылар.

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы