Елордадан 7 мың текше метрге жуық қар шығарылды

Нұр-Сұлтанда қар жинау жұмыстары екі ауысымда жүргізіледі.

Коммуналдық қызметтер әсіресе кешкі және түнгі уақытта қарқынды жұмыс істейді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

24 қаңтардан 25-іне қараған түні 7000 текше метрге жуық қар шығарылды. Бүгін, яғни 25 қаңтарда қала бойынша қар жинау жұмыстарына 860-қа жуық арнайы техника мен 2000 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Бірінші кезекте, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар қардан тазартылады.

Естеріңізге сала кетейік, жиналған қар елорданың әр ауданында орналасқан 11 полигонға шығарылады. Қалада қар жинау 24/7 режимінде жүргізіледі. Полигондарда бақылау үшін фото-және бейнекамералар орнатылған.