Сенаторлар нотариат туралы заң жобасын қарайтын болды

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды.

Депутаттар Сенаттың алдағы 2021 жылғы 28 қаңтарда өтетін отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар Парламент депутаттары бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайтын болды. Құжат нотариат қызметін одан әрі цифрландыруға және азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге бағытталып отыр. Сондықтан нотариат құпиясын сақтауға қойылатын талаптар да күшейе түсетін болады.

Депутаттар сондай-ақ «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарауға шығарды. Құжат Еуразиялық экономикалық комиссияға энергетика, техникалық реттеу, макроэкономика, бәсекелестік және ветеринария салаларында қосымша өкілеттіктер береді.

Сенаторлар сонымен қатар «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заң жобаларын да талқыға салады.

Сондай-ақ сенаторлар Мәжілістен келіп түскен бірқатар заң жобаларын тұрақты комитеттерге бөліп берді.