Таразда коронавирус жұқтырғандар саны көбейді

Таразда коронавирус індетін жұқтыру дерегі күрт көбейіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһар індеттің таралу деңгейі бойынша сары аймаққа кірді. Өңір бойынша жыл басынан бері 419 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған болса, соның жартысынан көбі облыс орталығында тіркелген. Одан бөлек 111 адам пневмониямен ауруханаға түсті. Бұл дәрігерлерді алаңдатып отыр. Карантиндік шаралар күшейтіліп, шектеулер қатаңдатылды. Отбасылық, спорттық, ойын-сауық іс-шаралар, көрме және конференциялар өткізуге қатаң тыйым салынды. Кеңсе қызметкерлерінің 60 проценті қашықтан жұмыс істеуге міндеттелді. 65 жастан асқан немесе тәуекел тобына жататын азаматтар өзін-өзі оқшаулап, далаға шықпауы тиіс.

Ғабит Әбділдә, Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары

– Тараз қаласы сары аймаққа кіріп отыр. Себебі ауру жұқтырғандар көбейді. Аурудың күрт өсуі қазіргі таңда халықтың санитарлық талаптарды орындамауы, жаппай адамдар көп жиналатын орындарға баруы. Жасырын отырыстар, туған күндер, той жасау. Осылардың барлығы аурудың өршуіне алып келіп отыр.