Қызылорда облысында қызметтік иттер 200-дей қылмысты ашуға көмектесті

Елде иттерді қорлау деректері көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде үй жануарына аяусыз озбырлық танытқан видеолардан көз сүрінеді. Иттердің қоғамға тигізер пайдасын да естен шығармаған жөн. Қызылорда облысының кинологиялық орталығындағы қызметтік иттер өткен жылы 200-дей қылмыстың ашылуына себепкер болды.

«Барон» деп лақап ат тағылған ит өңірдегі ірі шаралардың бел ортасында жүреді. Жуырда өткен депутаттар сайлауы мен ұлттық бірыңғай тестілеуде полицейлермен бірге тынбай тәртіп сақталуға атсалысты. Жарылғыш заттар мен қару-жарақ іздеу, қарауылдау мен шабуылдауда бәрінен Баронның бәсі жоғары. Жалпы кинологиялық орталықтағы 36 ит былтыр 192 қылмыстың ізі суымай ашылуына себепші болды.

Еркін Сағымбаев, Кинологиялық қызмет орталығының басшысы:

– Оның ішінде ұрлық бойынша 70 дерек, тонау 2, есірткі саласы бойынша 67, басқа да қылмыстар бойынша 53 дерек анықталған. Қазіргі таңда кинология қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы 613-бұйрыққа сәйкес қызметтік иттерді көбейту мақсатында барлығы 9 күшін туылып, кинолог мамандар жас күшіктерді алдағы уақытта қызмет бабында пайдалану үшін дайындауда.

Із кесуде «Леонға» тең келері жоқ. Бір жарым жастағы ит пәтер ұрлығы мен топтық төбелесте суық қару қолданған күдіктілерді жазбай таниды. Қысқа уақытта иісті дереу ажыратып, сезіктінің соңына түседі. Ит екеш ит те адам таңдайды. Яғни кез келгеннің айтқанын істеп, айдауына жүрмейді. Өзінің көңіл қошы түскен кинологқа ғана бас жібін таққызып, арқасын сипатады. Адамның қорыққанын білген секілді мейірімділікті де сезеді.          

Азамат Пазылов, кинолог:

– Кішкентайымнан итпен жұмыс істедім, жақсы көрдім. Кинолог мамандығын таңдағаныма өкінбеймін, қызметтік итпен жұмыс істеген ұнайды. Иттік мінезіне қараймыз, кейбіреуі шамалы ашушаң келеді. Кейбірі ақкөңіл келеді деген сияқты. Леон қаладағы барлық қылмыстарға қатысады.

Мына күшіктер жақында Алматығаа оқуға кетеді. 2-3 ай арнайы жаттығудан соң әккі патрульдік ит болып оралады да сақшылық қызметіне кіріседі.

Авторлар: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов