Былтыр елімізде 13 мың 515 жол көлік апаты тіркеліп, 2405 адам қаза тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 20 процентке аз. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше жыл басынан бері республика бойынша 464 жол-көлік оқиғасы болып, 91 адам көз жұмды. 520 жолаушы түрлі дәрежеде жарақат алған. Жол қауіпсіздігіне жауапты мекемелердің мәліметінше, 2020 жылы елде жол ережесін бұзудың 5 миллионнан астам дерегі тіркелген.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары:
– Жолдағы қауіпсіздіктің негізгі факторы – жүргізушілердің тәртібі. Былтыр жүргізушілер 1 миллион 600 мың рет жол белгілерінде көрсетілген талаптарды орындамаған. 220 мыңнан астам жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаған. Тағы 188 мың көлік иесі рұқсат етілмеген жерге тоқтаған. Сондай-ақ 2020 жылы 21 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталған. 25 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігінен айырылды.
Елімізде өткен бір аптада 3179 қылмыс тіркелді. Оның 2 мыңнан астамы бір тәулік ішінде ашылған. Ведомство өкілдері былтырғы қылмыс саны 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 30 процентке азайғанын айтады. Қоғамдық орындардағы ұрлық деректері 2 есе төмендеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қылмыстың ашылуына негізінен бейне бақылау камераларының көбеюі себеп. Еліміздің түкпір-түкпірінде жедел бақылау орталығына қарасты 6 мың камера бар. Тұрғын үй аулаларына тағы 60 мыңнан астамы орнатылған.
Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
– «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру үшін 2021 жылдың өзінде учаскелік инспекторлардың санын ұлғайту, учаскелік полиция пункттерінің желісін дамыту жоспарланып отыр. Олардың орналасу орындары халықтың тығыздығын ескере отырып таңдалады. Бұдан басқа, осы қызметтің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылады және учаскелік полиция инспекторларының өкілеттіктері ұлғайтылады.