Елімізде коронавируспен ауырғандарға вакцина салынбайды  

Бір аптадан кейін елде жаппай вакциналау басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейлік вакцинаны алдымен 100 мың отандасымызға салу жоспарланған. Кейін тағы 150 мың адам осы екпені алады деп көзделіп отыр. Әуелі дәрігерлер вакциналаудан өтеді. Сосын мұғалімдер мен тәртіп сақшылары, студенттер мен қарттар қабылдайды. Ал оқушыларға мүлдем салынбайды. Өйткені, олардың ағзасы әлі әлсіз. Сондай-ақ коронавируспен ауырған адамдарға 6 айға дейін екпе жасалмайды. Мамандар мұны былай түсіндірді.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

– 6 айға дейін ол азаматтың иммунитеті төмен болуы мүмкін. Антидене деген мәселе дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында айтылмайды. «Спутник V» вакцинасында да 6 айға дейін коронавируспен ауырған адамға салуға болмайды деп жазылған. Сондай шешім шығарылған. Сол себепті 6 айға дейін салынбайды. Сонымен қатар вакцинаны мәжбүрлеп салу деген теріс ақпарат.

Осыған дейін екпе салдырған адам алда-жалда қаза тапса, 500 мың теңге төленеді деген ақпарат тараған еді. Бізге сұхбат берген министрлік өкілі мұны растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады. Бұл сұраққа жауап беру құзырына кірмейтінін айтты. Осы ретте отандық QazCOVID-in вакцинасы сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оны сәуір айының ортасына таман сала бастайды. Жыл соңына дейін 6 млн отандасымызға екпе салу көзделген.

Сондай-ақ...