Мамандар Тараздағы эпидемиологиялық ахуалға алаңдап отыр

Таразда коронавирус індетін жұқтыру дерегі өршіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһарда қаңтар айы басталғалы 241 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Ауруханаларда пневмония диагнозымен жатқандар да көбейіп кеткен. Қазір облыс орталығы сары аймақта тұр. Мамандар қалыптасқан жағдайға қатысты дабыл қағып эпидемиологиялық ахуалға алаңдап отыр.

Бірнеше ай бойы «жасыл аймақта» болған тараздықтар босаңсып, сақтық шараларын ұмытқанға ұқсайды. Салдарынан індет жұқтырғандар қатары күрт өсті. Облыс бойынша 419 адам тіркелсе, соның жартысынан көбі Тараз қаласында анықталып отыр. Одан бөлек 111 адам пневмониямен ауруханаға түскен. Бір ғана қалалық көпсалалы ауруханасының инфекциялық блогы 60 процентке толық. 16 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Ербол Ордабеков, Қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

Инфекциялық блог 240 адамға арналған. Қазір 154 адам жатыр. Ең бастысы қажетті медициналық құрал-жабдықтар бар. Дәрі-дәрмектер қоры екі айға дейін жеткілікті.

Облыс орталығында карантиндік шаралар күшейтіліп, шектеулер қойылып жатыр. Отбасылық, спорттық, ойын-сауық іс-шаралар, көрмелер мен конференциялар өткізуге қатаң тыйым салынды. Дәрігерлер 65 жастан асқан және денсаулығы жағынан қауіпті топтарға жататын азаматтарға өзін-өзі оқшаулап қатаң сақтануға шақырып отыр. 

Ғабит Әбділдә, Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

– Тараз қаласы «сары аймаққа» кіріп отыр. Себебі науқастар саны өсіп отыр. Аурудың күрт өсуі қазіргі таңда халықтың сантиарлық талаптарды орындамауы, жаппай адамдар көп жиналатын орындарға баруы. Жасырын отырыстар, туған күндер, тойлар жасау. Осылардың барлығы аурудың өршуіне алып келіп отыр. 

Жыл басынан бері мониторингтік топтармен жүргізілген тексеру барысында 20 карантин режимін бұзу дерегі анықталды. Түрлі деңгейде 7 миллион теңгедей айыппұл салынған. Алайда бұл эпидахуалды тұрақтандыруға әсер етпеді. Өңірде «Казковид» вакцинасын сынақтан өткізу  шаралары жалғасып жатыр. Бұған дейін коронавирусқа қарсы екпе 1000 адамға салынған.

Ербол Ордабеков, Қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір сынақтың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Мың адам ерікті түрде келісім берген. Қазір екпе салынған азаматтың барлығы 6 ай бойы бақылауда болады. Күнделікті мониторинг жасалуда. Сынақ қалыпты өтіп жатыр. Қатысушылардың жағдайы тұрақты.

Айта кету керек, облыста бірінші ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жоспарлы түрде вакцина салу басталады. Алғашында ерікті түрде 594 мыңға жуық адамға «Спутник V» екпесін егу жоспарланған. Оның 5 мыңы ақпан айында Ресейден жеткізілмек.

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә