Елордада автобустарда арақашықтық сақтала бермейді

Елордада эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Өткен тәулікте тағы 211 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індет өршіп тұрса да жолаушылар автобусы лық толы. Қоғамдық көліктегі жағдай шынында да күрделі ме? Автобустарда санитарлық талаптар қаншалықты сақталған?

Бұл – Сейфуллин мен Сарыарқа даңғылының қиылысы. Жөңкілген көлік те, жосып жүрген адам да осында. Әсіресе, таңертең аялдамаларда автобус күткен адам көп. Алайда көлікке кіру оңай емес. Жұрттың жұмысқа жеткісі келеді. Жолаушылар санитария талаптарын сақтауға құлықты-ақ. Бірақ басқа амалы жоқ. Себебі таксимен жүруге екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.

Блиц 1. Мен 46 және 53-ші маршрутпен жүремін. Аязды күндері көбіне кешігеді. Санитарлық талаптар сақталып жатыр, бірақ кешіккендіктен халық 50 пайыз емес, 100 пайыз мінеді. Жұмыстан қалып барамыз өйткені.

Блиц 2. 46-шы автобуспен көп жүрмін, адам өте көп. Кейбір адамдар масканы таққысы келмейді. Мысалы тексеруші кіргенде оларға ұрсады. Егде жастағы адамдар көбіне маска таққылары келмейді.

Блиц 3. Адам саны көп. Рұқсат етілген нормадан көп. 80-90-100 пайызға дейін барады. Маска режимі сақталады, бірақ әлеуметтік арақашықтық сақталмайды.

Иін тірескен адамдар арасында арақашықтық туралы айтудың өзі артық. Десе де талаптың аты талап. Мәселе оның орындалуында. Бірақ қалай? Көпті алаңдатқаны осы. Тұрғындардың сөзінен ұққанымыз, автобус бағдарларының жүру кестесі тым ұзақ. Бұл жағдайды жауапты мекеме де біледі.

Бауыржан Сейітов, «Сity Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

– Қоғамдық көліктер штатық режимде жұмыс істеп жатыр. Есеп бойынша күніне 400-450 мың жолаушы тасымалданады. Карантин басталғалы бері автобустардың жүру кестесін 10 рет өзгертік. Әсіресе, күн райы қолайсыз кездері жағдай қиындай түседі. Дегенмен интервал бұзылған жағдайда дереу ретке келтіруге тырысамыз. Алдағы уақытта  8 бағыт бойынша автобус санын ұлғайтпақпыз. Тағы бір маңызды мәселе, көлік жүргізушілері жетіспейді. Маман тапшылығы да салаға өз салқынын тигізуде.

Жаңа қаулыға сәйкес автобустар аптасына алты күн қатынайды. Жексенбі дезинфекциядан өтуі үшін тұраққа әкетіледі. Бірақ күнделікті мына көріністен кейін бір күндік шара қаншалықты тиімді? Қоғамдық көліктердегі ахуал қауіпті індеттің таралуына түрткі бола ма деп үрейленеді жұрт.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Ерлан Наурызбаев