Зейнетақы жинағын пайдалану: платформадағы деректерді қалай өзгертуге болады

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын пайдалану мақсатын өзгерткісі келсе немесе деректерді қате енгізген жағдайда оны enpf-otbasy.kz онлайн платформасында түзей алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпарат «Отбасы банктің» желідегі парақшаларында жарияланды. Жалпы бүгінгі дейін берілген өтінімдердің 48 проценті ипотекалық қарызды өтеуге бағытталған.

Enpf-otbasy.kz онлайн платформасында зейнетақы төлемдерінің мақсаты мен деректерін қайта өзгертуге болады. Ол үшін жеке кабинетіңізге кіріп, өтініміңізді жою керек. Бұдан басқа өтінімнің не себепті жойылып кететіні айтылды. Яғни қаржыны қосымша белгілерсіз және дөңгелектелген соммамен көрсету керек. Мәселен, әр санның арасына нүкте немесе басқа да белгілер қоюға болмайды.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банкі» Орталық филиал директоры:

– Сол берілген өтінімді қайта қайтару жөнінде функция пайда болды. Сол өтінім берілген жағдайда дұрыс сомма көрсетілмесе, символ пайдалансаңыз, ол кезде иә болмаса мақсатыңызды дұрыс көрсетпесеңіз сізге сол берген өтінімді қайтаруға болады.

Қазір зейнетақы жинағын алу бойынша онлайн платформада 20 мың 177 адам өтінім берді.

Олардың 8 проценті Отбасы банкінде алғашқы жарна ретінде, 48 проценті ипотекалық қарызды өтеуге ниет білдірген. Ал 17 проценті зейнетақы қорындағы ақшаны қосып үй сатып алуды жөн көрген. 

Жансұлтан Матай, «Отбасы банкі» Орталық филиал директоры:

– 13 қаңтардан бастап бүгінгі таңға дейін біздің банкте 69 мың 48 есепшот ашты. Қабылданған өтінімдердің 13 проценті өзінің зейнетақы қорындағы ақшасын туысқандарына беруді көздеп отыр. Қалған 6 проценті басқа банктегі несиелерін жабу. Құрылысқа сондай мақсаттары бар. Ережеге сәйкес өтінім берілгенде «Отбасы банк» қарайды, зейнетақы қоры 5 күннің ішінде сіздің сұраған соммаңыз түсу керек дейді.

Зейнетақы қорынан қаржы алу бойынша онлайн өтінішті тек компьютер арқылы бере аласыз. 23 қаңтардан бастап зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды.

Авторлар: Наргиз Бекмағанбетова, Марат Диханбаев