417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаркент жұрты пәтерлерін пешпен жылытып отыр 

  • 158
  • UPD: 21:34, 25.01.2021

Жаркент қаласындағы 40-тан аса көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлерін от жағып жылытады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспаналары тоқсаныншы жылдардың тоқырауында орталық жылу жүйесінен ажыратылып, қазандық талан-таражға түскен. Жұрт содан бері осылай күн кешеді. Әсіресе, қыс бүйірден қысқанда шелек-шелек көмір, құшақ-құшақ отын тасып әбігерге түседі.

Анар Сәдуақасова көпқабатты үйдің жертөлесін көмір қора жасап алған. Сол жерде ағаш жарып, от жағады. Пешпен пәтерін жылытам деп жүргенде отбасына ыс тиген кездері де болыпты. 

Анар Сәдуақасова, Жаркент қаласының тұрғыны:

– Төбеден ыс кіреді. Бала-шағамызбен түгел ыс тиіп ауруханаға жатып шықтық. Қиын, түнгі сағат 12-де далаға шығып осылай от жағамыз. Таңертең суықта подвалға кіріп от жағамыз. Этажда тұрамыз деп айтамыз, көрген күніміз осы.

Ал Мәлік Табынбаев болса, бәрін балконға қоюға мәжбүр. Аядай ғана жерде азық-түлік қоры мен шелектерге салынған көмірі кірпіштей қаланып тұр. 

Мәлік Табынбаев, Жаркент қаласының тұрғыны:

– Бір жылда үш тонна көмір кіргіземіз. Сақтайтын орын жоқ. Ешқандай жағдай жоқ.

Жібек жолы көшесіндегі көпқабатты үйлерге көгілдір отын да тартылмаған. Сондықтан тұрғындар тыйым салынғанына қарамастан өз басын қауіп қатерге тігіп, газ баллондарын пайдаланып отыр. 

Бақтияр Якупов, Жаркент қаласының тұрғыны:

 – Әр үйде газ баллон тұр. Ол қауіпті ғой. 21 ғасырда мынандай көп қабатты үйде пеш жағып отырғанымыз. Шетелден біреулер келсе. қып қызыл ұят. Трубадан конденсат ағады, балкондардың барлығы быт шыт. Әрбір трубадан түтін шығады.

Елу мыңға жуық халық тұратын шаһарда 50 шақты қөпқабатты үй бар. Соның екеуі ғана шағын автономды қазандық арқылы жылытылады. Қалғандары тонналап көмір тасып, өз пәтерінде пеш жағып отыр. Өзекті мәселені шешуді жергілікті билік биылдан бастап қолға алмақ. 

Арман Тазабеков, аудандық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

Бізге облыс тарапынан блокты модульді қазандықтарды жобалау сметалық құжаттамасын дайындауға қаржы бөлініп, былтыр сол қаржыны игеріп, 6 жобалау сметалық құжаттары дайындалып, экспертизаға өткізілді. Мемлекеттік сараптамаға өткізілгеннен кейін құрылыс монтаж жұмыстарына қаржы сұрайтын боламыз. 6 модульді қазандықпен 14 көпқабатты тұрғын үйді жылытамыз деп отырмыз.

Мұндай мәселе өңірдің өзге де аудандарында бар. Соған байланысты облыста арнайы бағдарлама әзірленді. Ол бойынша алдағы үш жылда 150 ден аса үйге блокты модульды қазандық салу жоспарланған. Жоба аясында Жаркенттегі көпқабатты үйлердің барлығын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу көзделіп отыр.  

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы