Қостанай облысында сапасыз жолды мердігер өз есебінен жөндейді

Қостанай облысында мердігер сапасыз жөндеген жолды өз есебінен қалпына келтіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әңгіме республикалық маңызы бар төрт жарым шақырымдық жол учаскесіне қатысты. Қазір тапсырыс беруші мекеме мердігерді сотқа берді. Себебі жол қараша айына дейін жөнделуі тиіс еді. Енді мердігер компания мемлекеттік сатып алудың қара тізіміне ілігуі мүмкін.

Сарыкөл ауылына апаратын республикалық маңызға ие Алматы – Екатеринбург тасжолының 50 шақырымы 2019 жылы жөнделе бастады. Аумақ екі жыл бойы суық ресайклинг әдісімен қалпына келтірілуі тиіс еді. Бірақ төселген жаңа асфальт көпке шыдамады. Әр жерден жарылып, шұрық-тесік болды. Оған жамау жұмыстары жасалды. Бірақ тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді.

Абылайхан Алшынбаев, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» облыстық филиалының директоры:

– Асфальтты бетонның қоспасы физикалық-механикалық талаптарға сай емес. Тығыздығы бос. Арасына су жиналады. Содан жол бөліктерінде ақаулар пайда болды.

Осылайша, екі жыл бұрын жөнделген 21 шақырымның 4,5-ы қабылданбаған. Оған қоса былтыр 800 метр аумақтан кемшілік табылды. Жалпы алғанда қолданысқа берілген 50 шақырымның 10 шақырымы талапқа сай болмай шыққан. Сол себепті сапасыз жұмыс үшін бас мердігердің есепшотына 443 млн теңге аударылған жоқ.

Андрей Горват, «Қазавтожол» облыстық филиал директоры:

– Олар келісім бойынша 50 шақырым жолды толығымен төседі. Біздің мамандар бірнеше рет барып тексерді. Кемшіліктердің бар екенін  анықтады. Соған байланысты  жолды қабылдамау жөнінде шешім шығарылды.

Мердігерге ақауды өз ақшасына түзету міндеттелді. Бұл жұмысты олар былтыр қараша айына дейін аяқтауы керек болатын. Үлгере алмағандықтан тапсырыс беруші олармен келісімді біржақты үзген.

Ермек Ысқақов, «Қазавтожол» облыстық филиалының бөлім басшысы:

– Банкке компанияның банктік кепілдігін тәркілеу жөнінде талап қойдық. Яғни келісімшартты орындамағаны үшін 132 млн теңге қаржысы тәркіленсін деп. Сонымен қатар сотқа мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға талап-арыз жолдадық.

Жол жөндеуші компания тапсырыс берушінің мұндай шағымымен келіспей,  олар да сотқа арызданды. «Бар кінә сеніп тапсырылған қосалқы мердігерден» дейді. 2019 жылы республикалық тасжолдың 21 шақырымын шала-шарпы жөндеген солар.

Рустамбек Қасымов, бас мердігер:

– Қосалқы мердігер жүктелген міндетті тиянақты жасай алмады. Енді барлық ақауды өзіміз жөндейміз. Біреуді алдау, қашып кетуден аулақпыз. Қараша айына дейін белгіленген уақытта жұмысты тындыруға уақыт жетпеді. Себебі қар жауып, күн суытты.

Енді тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау-дамай сотта жалғасын табады. Жолдың көктемде кімнің есебінен жөнделетінін солар шешеді.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров