Петропавлда қоғамдық орындар бейнебақылауға алынады

Петропавлда қоғамдық орындар бейнебақылауға алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр қаланың саябақтары, аялдамалары мен автотұрақтарына 120 камера орнатылды. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Біріңғай жүйе IKomek орталығына қосылған. Мамандар көшедегі қандай да бір заңсыз жағдайды байқаса, бірден полиция қызметіне хабар береді. Өткен жылы олардың көмегімен 17 мың құқықбұзушылық анықталды. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, кей камераларды басқа жерлерге де ауыстырып қоюға болады.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бұл ең алдымен түрлі заң бұзушылықтарды алдын алу үшін өте қажет. Себебі, бізде көбіне аялдамалардың әйнегін сындырып кететін жағдайлар және қоқысты заңсыз орындарға тастап кететін жағдайлар жиі болып жатыр. Сондықтан бұндай заңбұзушылықтарды болдырмау үшін осындай камераларды қойып жатырмыз.