Аязда жолда қалған жолаушылар құтқарылды

Соңғы күндері елімізің кей аймағында қар қалың жауып, боран соғып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бет қарыған аязда жолда қалған көліктер көбейді. Тиісті мекемелер техника жетіспеушілігі салдарынан облысаралық трассаларды тазалап үлгермей жатыр. Төтенше жағдай мамандары ескертуге қарамастан сапарға шығып, табиғаттың тосын мінезіне тап болған жолаушыларды құтқарып әлек.

АЯЗДА ЖОЛДА ҚАЛҒАНДАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Шығыс Қазақстанда жолда қалғандарды құтқару операциялары әлі жалғасып жатыр. Күн райының бұзылатыны жайлы алдын ала хабарландыру айтылғанмен, алыс сапарға шығушылар легі азаяр емес. Кейбірі тіпті негізгі трасса жабық болса да, айналма жолмен сапарға шығып кеткен. Мәселен осы демалыс күндері төтенше жағдайлар қызметі жеті бірдей құтқару шарасын ұйымдастырды. 8 арнайы техника жұмылдырылды. Осылайша, жолда қалған 34 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Сонымен қатар қарға кептеліп немесе аязда жанармайы қатып жүре алмай тұрып қалған 10-нан астам автокөлік сүйреп шығарылып,арнайы орындарға апарылды. Жалпы мамандардың айтуынша,жол бойында 19 жылыну пунктері бар. «Дегенмен дауылды ескерту жарияланған күндері алыс сапарды шегеріп, сақтықты күшейткен жөн», - дейді мамандар.

Азамат Қапышев, облыстық ТЖД басқарма бастығының м.а.:

– Әсіресе, Үржар, Ұлан, Шемонайха аудандарында күре жолда көліктері жүре алмай тұрып қалғандар көп кездесті. Барлығы да алыс жолға дайын емес әрі дауылды ескертуді елемегендер. Жолаушылар аязды, боранды күндері жолға шығудың қаншалықты қауіпті еекеніне мән берер емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан әлі де тұрғындарды аса сақ болуға шақырамыз.

ЖОЛДА ҚАЛҒАНДАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Солтүстікқазақстандық полицейлер аязда жағармайы қатып қалған жүргізушіге көмек көрсетті. Алматыдан шыққан ауыр жүк көлігі Қазақстан мен Ресей шекарасының маңында тоқтап қалған. «112-ге» хабарласқан оған шұғыл түрде полицейлер келіп, жылы жерге жайғастырды. Бүгін жүргізуші жолға шықты. Бұл демалыс күні болған жалғыз жағдай емес. Тәртіп сақшылары Бескөл ауылының маңында сынып қалған көлікті де жөндеуге қол ұшын берген. .

Көлік жүргізуші:

– Жұмыстан келе жатқанбыз осында. Арты дөңгелектің шариктері сынып қалды. Жол полиция қызметкерлері тоқтап келіп жәрдемдесті. Құрал сайман әкелуге көмектесті. Мынау суық аязда тоңғандарына қарамай жәрдемдесіп жатыр біздерге.

БОРАН ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ӘБІГЕРГЕ САЛДЫ

Соңғы 3 тәулікте Түркістан облысында ауа райы тосын мінез танытып, қыс қаһарына мінді. Қалың қар жауып, кей аудандарда ұйытқып жел соқты. Ақтүтек боранның салдарынан республикалық, облыстық маңызы бар жолдар жабылып, көліктер қар құрсауында қалды. Облыстық ТЖД мен полиция қызметкерлері жолда қалып қойған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетті. Нәтижесінде 107 автокөлік қар құрсауынан шығарылып, 377 адам құтқарылды. Олардың 75 бала. Сондай-ақ қолайсыз ауа райының салдарынан 2 қала мен 7 аудандағы 34 елді мекен  2 күн бойы жарықсыз қалды. Кешелі бері жолдар ашылып, қатынас қалпына келтірілді.

Талғат Досалиев, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

– Бұл жерде бұндай жағдайдың орын алып отырған себебі қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамай, смс хабарламаларға мән бермей, балаларын алып, түн ортасныда ана ауылға бара саламыз дегендер. Олар жылыту бекеттеріне жеткізліді. Үсіп қалған адамдар болған жоқ.

ЖОЛ ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ САПАСЫЗ

Ұлттық жол активтері сапа орталығы мамандарының түсірген мына бейнетүсірілімде Қызылорда – Түркістан бағытындағы автомагистральда қардың жиналып қалғаны байқалады. Сондай-ақ жол жиегі мүлде тазаланбаған және тайғаққа қарсы материалдар уақытында себілмеген.