Алматы облысында емдеу мекемелерінің тең жартысына күрделі жөндеу қажет

Коронавирус жұқтырған Панфилов ауданының тұрғындары әбден ескірген инфекциялық ауруханада емделуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені 1968 жылы салынған нысан бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен медициналық мекеме бұл ғана емес, аймақтағы 42 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік акушерлік пункттердің тең жартысы жөндеуді қажет етіп тұр. Әсіресе, Жерұйық сияқты ауыл үшін бұл проблема өзекті.

Жерұйық ауылындағы медицина қызметкерлері тұрғындарға осындай жағдайда қызмет көрсетіп келеді. Бір бөлмеде пеш жағылып, келесісінде науқастар қабылданады.  

Салтанат Көкеева, Жерұйық ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункттің мейірбикесі:

– Медпунктке күніне 30 адам қабылдаймыз. Қазір пандемия кезінде көбіне үйге барып көмек көрсетеміз. Кабинеттің бәрі тар. Көмек көрсетуге қолайсыз.

Әбубәкір Қапаров, Жерұйық ауылының тұрғыны:

- Бұл жерде дәрігерлердің қызметі жақсы. Қарап тұрады. Бірақ ғимарат тар. Үлкен кісілерге қиын.

Екі мыңнан аса адам тұратын елдімекенде халық саны жылдан жылға артып келеді. Соған сәйкес дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер де көбейген.

Назгүл Найманбаева, Жерұйық ауылының тұрғыны:

- Екі адам кірсе, қалғаны сыртта тұрады. Жазда ештеңе емес, қыста бала суықта ауырады. Ғимаратты үлкейтіп берсе дейміз.

Тұрағалды Бекжанов, Жерұйық ауылының тұрғыны:

- Мен бұл мәселені көтеріп, ауданға жіберіп жатқаныма 8 жыл болды. Биыл тоғызыншы жыл. Бүгін жауабын алдым, болады дейді. Жылда алам оны. Он төрт күн ішінде береді маған, бірақ ол істелмейді.

Аудандағы перзентхана мен инфекциялық аурухананың жағдайы да сын көтермейді. Жарты ғасыр бұрын салынған нысан қазіргі талапқа сай келмейді дейді мамандар.  

Әкімжан Әшіров, инфекциялық аурухананың шаруашылық меңгерушісі:

- Жағдайы қиын. Ағаштары шіріген. Шатыры түсіп кетпесе екен деп отырмыз. Жылуы, су жағы ауыстырылса екен дейміз. Жаңадан үлкен ғимарат салынса жақсы болар еді.

Алтынай Күдерова, аудандық орталық ауруханасы бас орынбасары:

- Жерұйық ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр. ПСД-ға құжаттарға өтінім берілген. Егер шешім келсе, осы жұмыстар жасалады. Және аурухананың туу бөлімі күрделі жөндеу жұмыстарына жоспарланып отыр. Панфилов аудандық денсаулық сақтау саласын дамытудың 2021-2029 перспективакалық жоспары бар сол жоспарға сәйкес әрқайсысы әр жылға қойылған. Кап ремонтта жаңа құрылыста соған сай жасалады.

Облыстағы емдеу мекемелерінің 50 проценті ескірген. Жауаптылар 2025 жылға дейін олардың басым бөлігін күрделі жөндеуден өткізбек.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов