Ақтауда қаңғыбас ит пен мысықтарға арнайы орталық салынады

Қала әкімдігі осы мақсатқа 2 гектардай жуық жер телімін бөліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі айда конкурс жарияланады. Жеңімпаз танылған ұйым орталықты өз қаржысына салуы тиіс. Қазір осы жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер жоба жасақтап, өкілетті органға ұсынуға дайындалып жатыр.

Қараусыз жүрген ит пен мысық ұсталатын арнайы орталық қажеттігі Ақтауда соңғы үш жылдан бері айтылып келеді. Бастамашыл топ құрамына үш бірдей үкіметтік емес ұйым кіреді. Олар әзірлеген жоба «қалалық ферма» деп аталады. Айтуларынша, мұндай тәжірибе Еуропада бар. Орталыққа келушілер фермада көкөніс егіп, оны баптау жұмыстарына қатысады. Мұнда бағылатын үй жануарларын емдеу, тамақтандыруға да араласады. Үйлеріне де алып кетуге де рұқсат.  

Кирилл Осин, үкіметтік емес ұйым жетекшісі:

– Біз отбасылық демалыс орны іспеттес орталық құрғымыз келеді. Мұндай жобаны Прагаға барған кезде көрдік. Мұндай орталық Қазақстанда әзірге жоқ. Мұнда келушілер иесіз ит-мысықты емдеу, бағу жұмыстарына волонтер ретінде қатысады. Бұралқы жануарлар уақытша ұсталатын болғандықтан келешек асырайтын жанұялардың табылуына күш саламыз. Сондай-ақ мұнда фермерлік шаруашылықтың қыр-сырын үйренуіне мүмкіндік туады.

Қаңғыбас ит-мысықтар үшін арнайы орталық салу идеясы қала әкімінің жуырда қоғам белсенділерімен өткізген кездесуде талқыланып, мақұлданды. Осы мақсатқа қала сыртынан аумағы 1,85 гектар жер телімі бөлінген. Жоба құрылысын жүргізетін мекеме келесі айда өтетін конкурста белгілі болады.  

Тілеген Едігеев, қалалық сауда және ауыл шаруашылығы бөлімі ММ басшысы:

– Алдымыздағы ақпан айының аяғына дейін аталған жобаны сенімгерлік басқаруға беру мақсатында конкурс ұйымдастырылатын болады. Әкімдік тарапынан тек қана жер бөлу мәселесіне көмектесу, ал салып әрі қарай қызметін көрсету кәсіпкердің немесе қоғамдық бірлестіктің қызметіне кіреді. Жылқы немесе басқа малдар ұсталатын орынға қазіргі таңда бөлек жерді қарастыруда. Біздің айтып жатқан орталығымыз тек қана жабайы иттер пен мысықтар сақталатын орын болып есептеледі.

Ресми деректерге сүйенсек, қазір қалада 5 мыңға жуық қаңғыбас мысық пен 2 мыңнан астам бұралқы ит жүр. Былтыр 60-тан астам жеткіншекті ит тістеп алды. Ал 2019 жылы 143 дерек тіркелген еді. Мұндай жайттар Ақтаудан бөлек Мұнайлы және Түпқараған ауданында жиі тіркелген. Осы ретте мамандар соңғы екі жылда екі мыңға жуық бұралқы ит-мысық ауланғанын айтып отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев