Қазақстан ТМД елдері арасында тұрғын үй құрылысы бойынша көш бастады

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жан басына шаққанда 0,81 шаршы метрге жетті.

Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш және ол экономикалық дамыған елдердің деңгейіне жақындады. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ресейде – 0,56 шаршы метр, Беларусьте – 0,45 шаршы метр, ал Өзбекстанда бір адамға 0,36 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап өлшеніп келеді және екінші жыл қатарынан Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы болды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасының  шеңберінде халыққа қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау, тұрғын үйдің қол жетімділігі мен жайлылығын арттыру, сондай-ақ тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттары», – деді Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы бағдарламаның барлық қаржыландыру көздерінен бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында рекордтық 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 16,8% артық.