Павлодардағы онкологиялық диспансерде көптен күткен желілік үдеткіш іске қосылды

Қазір науқастардың алғашқы легі емделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатерлі ісіктер медицинасында алтын стандартқа айналған аппараттың көмегімен барынша нақты әрі қарқынды терапия жүргізіледі. Инновациялық құрал-жабдық өткен жылдың соңында әкелінген. Дегенмен індет салдарынан оны қосатын мамандар болмады.

Дәмежан Иманғалиева онкологиялық орталықта жатқанына бір айға жуықтаған. Желілік үдекіштің көмегімен сәулелі терапия ала бастағанына бірінші күн болды. Ол осын жерден сапалы ем алып, қатерлі ісіктен арылатына сенеді. Дәрігерлер де барынша қарап жатыр.

Дәмежан Иманғалиева, емделуші:

– Бізге бұл жерден емделіп шығу – мақсат. Ақпанның ортасына қарай шығамыз ба деген ойымыз бар.

Сәулелі терапиядан соң Лилия Шайкенованың да жағдайы жақсарды. Бір ай бұрын оған жатыр мойнының обыры диагнозы қойылды. Дәрігерлердің айтуынша, науқас медициналық көмекке дерттің бастапқы кезеңінде жүгінді.

Лилия Шайкенова, емделуші:

– Белім, арқам ауырды. Дәрігерге көрініп, сараптама тапсырған соң диагноз қойылды. Дереу ауруханаға жатқызды. Енді ем қабылдап жатырмын. Емделіп шығамын деген үмітім бар.

Желілік үдеткіш өткен жылы әкелінген. Халықаралық әуе жолдары ашылған соң неміс мамандары келіп, құралды іске қосты. Сонымен қатар білікті мамандар орталықтың дәрігерлер тобын оқытты. Желілік үдеткішпен мамандар тобы бірлесіп жұмыс істейді. Яғни бұл іске радиологтар, физик-инженерлер мен дәрігерлер тартылады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл құралдағы әр емдеу процедурасы 15 минуттан аспайды. Дегенмен пациентті бұл үрдіске даярлауға жеті күндік уақыт кетеді. Себебі әр науқасқа осындай матрас пен арнайы пластиктен жасалған маска әзірленеді. Айта кетейік, қазіргі таңда қатерлі ісіктерді емдеу медицинасында осындай үдеткіш алтын стандартқа айналған.

Аппаратты іске қосуға кедергі болған тағы бір себеп - зиянды сәуледен қорғайтын экранның болмауы. Арнайы металдан құйылған бес тонналық есік те жуырда орнатылды.

Тельман Әлғожин, облыстық онкологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Инновациялық жабдық радиотерапияның барлық түрлерін жүргізе алады. Сәулелі терапия барысында науқастың дене пішіні, қозғалысы, дем алысы ескеріледі. Нәтижесінде сәулелер ағзаның өзге органдарына зиян келтірмей, тек қатерлі ісіктің ошағына түседі. Үдеткіш арқылы тәулігіне 50 науқасты емдеуге мүмкіндігіміз бар.

Бүгінгі таңда 12 мыңға жуық павлодарлық диспансерлік есепте тұр. Өкінішке қарай олардың қатары жыл сайын екі мың адам қосылады. Мамандардың айтуынша, науқастардың мыңнан астам сәулелі терапияны қажет етеді. Жаңашыл технологиялардың көмегімен ауруға шалдыққан жандардың өмірін бес жылға ұзартуға мүмкіндік туды.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат