Президент жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігін айтты

Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жайылымдар мәселесіне де арнайы тоқталды. Бұл жерлер ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігін айтты.

«Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда», – дегенді қосты ол.

Сонымен қатар бос жатқан жайылымдарды мемлекетке қайтару туралы тапсырма берді: «Жайылымдардың 99 проценті шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 процентінде ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын».