Елорда дәрігерлері қала тұрғындарына үндеу жасады

Коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген елордалық жұқпалы аурулар мамандары қала тұрғындарын санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға шақырды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Коронавируспен ауруханаға түсіп жатқандардың көбейіп жатқанын ескере отырып, медицина қызметкерлері карантин режимін сақтау бойынша алдын алу шараларын ұмытпау керектігін еске салды.

«Күзде науқас саны аз болды. Кейбірі тіпті вирус тоқтады деп те ойлаған болса керек. Бірақ инфекция түбегейлі жойылған жоқ. Коронавирус үдеп тұрған шақта күн мен түнді айыра алмаған кезіміз болды. Уақытқа қарап, қай шақта жұмыс істеуіміз керектігін ойлаған жоқпыз. Коронавирустың күрт өршуі мен таралуының қайталануына жол бермеуіміз керек. Кейбірі қала ішін бетпердесіз аралап, санитарлық нормаларды елемей жатқандары бар. Ал біз мұнда күн сайын науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп жүрміз», - дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігері.

Естеріңізге сала кетейік, қалада бірқатар карантиндік шектеу шаралары бар. Қала тұрғындары маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауы, қолдарын антисептикпен өңдеуі қажет.