Бұрынғы вице-министр Шкарупа сотта ақталып шықты

Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаға қатысты тергеу амалдарында бірқатар құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды қаласының соты осындай ақпарат таратты. Экс-вице-министр Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының әкімі болып тұрғанда 215 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған еді. Бүгін үкім шығарған Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы соты «қылмыстық іс дәлелденбеді» деген шешім шығарды. Бірер күн бұрын мемлекеттік айыптаушы Шкарупаны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Экс-вице-министрмен қатар айыпталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы да қылмыстық іске қатысы жоқ деген желеумен ақталды.

Жанат Егембердиева, Қазыбек би атындағы аудандық сот судьясы:

- Сарапшылар мен мамандардың қорытындысын сот аталған іс бойынша сай келмейді деп таныды. Сондай-ақ сотталушылардың ісінде де заңға қайшы әрекет байқалған жоқ. Сот қылмыстық істі тергеу кезінде заң нормалары сақталмағаны үшін Бас прокуратураға жеке қаулы шығарды.