Алматы облысы бүгіннен бастап «жасыл» аймаққа өтті

Өңірде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты Алматы облысы бүгіннен бастап «жасыл» аймаққа өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте мұнда 71 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталды. Соның 25-і симптомды, қалғаны симптомсыз науқастар. Індет тарала бастағалы бері облыста 8861 жағдай тіркелсе, бүгінде 3 мыңға жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Коронавирустық пневмонияны ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлық жүйе енгізіліп, ауруханаларда жеке қорғану құралдары мен дәрілік заттардың екі айлық қоры жасақталды. Облыста қазір 10 зертхана жұмыс істеп тұр. Онда тәулігіне 6,3 мыңға дейін зертханалық зерттеу жүргізіледі. Осы уақытқа дейін ПТР әдісімен 375 мыңға жуық адам зертханалық тексеруден өтті. Қазір коронавирусқа қарсы екпе жасатуға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Асхат Чарапиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Коронавирусқа қарсы вакцинацияға дайындық басталып жатыр. Барлық емдеу мекемелерінің егу пункттері және егуге қатысты медицина қызметкерлерінің дайындығы тексерілуде. Кешеден бастап республикалық деңгейде және облыстық деңгейде оқыту семинарлары басталып жатыр.