«СҚ-Фармация»: Биыл дәрі тапшылығы болмайды

Елде былтырғыдай дәрі тапшылығы болмайды. «СҚ-Фармация» компаниясы осылай сендіріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «коронавирусты емдеуге арналған препараттардың екі айлық қоры жасақталған» дейді. Тіпті оны үздіксіз толтырып отырады. Қажет болса, дәріханадарға да жеткізуге әзір. Шынында солай ма?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Дерт дендеп барады. Індет жұқтырып жатқандар көбейді. Мұндайда былтырғы жағдай еріксіз еске түседі. Ауруханада орын болмады, бұқара дәрі таппай сенделіп еді. «Тағы сондайға тап болмаймыз ба» деген ой көпті көкейінде қазір.

Әйгерім Смайылова, «СҚ-Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы:

- Қырық атаулы дәрі-дәрмектің бұл жерде қоры жасақталған. Медициналық ұйымдарда қатетілік туындаған жағдайда осы қордан тиелетін болады.

«Дәрі бар» деді. Бәріне жетеді екен. Бұл препараттарды алуға 7 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

Аймұрат Салиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры:

- Еліміз бойынша 4 хаб бар. Елордадағы мына хабта сақталған дәрілерлерді жан-жаққа таратамыз. Солтүстік Қазақстан облысындағы, Павлодардағы, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы емдеу мекемелеріне осындағы дәрілер жеткізіледі.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бұл қоймада қажет дәрінің екі айлық қоры жасақталған. Ортайып қалса, орнын толтырып отырады. Жаздағы жағдай сабақ болса керек. Жауапты компания «биыл дәрі тапшылығы болмайды» деп сендіріп отыр. Бірақ мынаны ескеріңіз, мұндағы препараттар тек емдеу мекемелеріне жеткізіледі. Аурухана мен емханаларға беріледі. Ал дәріханалар басқа орыннан сатып алады.

Рас, дәріханалар жекенің қолында. Қожайындары өткенде шу шығарып еді. «Дәріні қымбатқа алып, арзанға сатып жатырмыз» деп налыған. «Бағасын өсірсек, басымызға тағы бәле болады» деп бұлқан-талқан болып еді. Солар қайтты екен? Дәрі бағасын сонда да өсірген шығар?

Марат Хайруллин, қалалық жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бөлім жетекшісі:

- Қаладағы 200-ге жукық дәріхананы тексердік. Ешбірі дәрі бағасын көтермеген. Содан кейін дәрілердің ауруханаларға уақытылы жеткізілуін қадағалап отырмыз. Әзірге заң бұзғандар жоқ.

Дәріні қымбатқа сатқандар былтыр болған. Елорданың өзінде 50 дерек анықталып еді. Құзырлы орын өкілдері солардың қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Содан кейін бұл бассыздық сап тыйылды.

Марат Хайруллин, қалалық жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бөлім жетекшісі:

- Қаладағы барлық дәріханаға QR-кодтар орнаттық. Тұрғындар сол арқылы дәрі бағасын тексере алады. Егер дәріні негізсіз қымбаттатқандар анықталып жатса, құзырлы органдарға хабар бере алады.

«Дәрі бағасы ырыққа көнбей кетеді» деп күмәнданбаса да болар. Қаладағы екі бірдей әлеуметтік дәріхана ашылған. Ондағы препараттар өзге орындарға қарағанда әлдеқайда арзан.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Нұрғали Мамырбаев