Қ.Тоқаев: Егер жақсы нәтиже көрсетсе, қазақстандық вакцинаны өзім де салдырамын

Сынақтың нәтижесі біледі, бірақ Президент қазақстандық вакцинаны салдыруға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында айтты. Алқалы жиында Мемлекет басшысы: «халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6%-тен аспауы тиіс», деді. Тұрғын үйлердің бағасын ұстап тұруға бағытталған нақты шаралар қабылдау керектігіне тоқталды. Алқалы жиында тағы қандай мәселелер көтерілді?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Жуырда жасақталған Үкіметтің бұл кеңейтілген құрамдағы алғашқы отырысы. Оған Президенттің өзі қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі былтырғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің есебін тыңдады.

Былтыр инфляция 7,5% деңгейінде болды. Шамамен биылғы екінші тоқсаннан бастап ел экономикасы оңала бастайды. Хош. Осы кеңейтілген отырыста Президент көпті алаңдатқан екпеге қатысты пікір білдірді. «Егер жақсы нәтиже көрсетсе, қазақстандық вакцинаны өзім де салдырамын», деді. Ал, Үкімет 1 ақпаннан бастап жаппай екпені бастайды. Президент осы бағытта тиісті тапсырмасын берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Вакцинация – бұл өте өзекті мәселе. Бізге вакцина егу бойынша мұқият зерделенген жоспар керек. Дүрбелеңге жол бермес үшін көптеген жәйттерді ескеру қажет. Тұтас алғанда вакцинация елдің эпидемиологиялық ахуалын түзеуі тиіс. Бірақ алда атқарылуы тиіс көп шаруа бар. Мәжбүрлі вакцинация болмайды. Бірақ адамдар екпе арқылы қиын жағдайдан шығуға болатынын түсінуі қажет. Осы науқанды сапалы өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындықты қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан жаппай вакцинацияға кірісуді тапсырамын. Екпе жақсы нәтижелер көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын.

Алқалы жиында өңір әкімдері де сөз алды. Қызылорда облысына жауапты Гүлшара Әбдіқалықова аймақта мұнай қоры азайғанын айтты. Сыр өлкесінде тұрғын үй құрылысы да қысқарған. Халықты баспанамен қамту көрсеткіші бойынша да Қызылорда облысы артта қалып отыр.

Ал, Батыс Қазақстан облысында электр қуаты өзекті. Желілер тозған. Салдарынан көптеген ауылдың тұрғындары кейде жарықсыз қалады. Президент «мәселені шешу керек», деді. Жиында моноқалалардың жағдайы да назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзды мысалға келтіріп, шағын шаһардың шырайын келтіретіндей стратегия әзірлеу керектігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екібастұзда энергетика мен өнеркәсіп саласында білікті техникалық мамандар өте көп. Осыған дейін жинақталған кадрлық әлеуетті жоғалтуға жол бермеу керек. Сондықтан Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы керек. Осындай талаптар Жаңатас, Жезқазған, Арқалық сияқты өзге де моноқалалар үшін өзекті. Үкімет бұл мәселені жекелей қарастыруы тиіс.

Бұдан соң Мемлекет басшысы елорда мен Алматы әкімдерінің есебін тыңдады. Наурызда Алатау бауырындағы шаһарға барып, қаланы дамыту бойынша жиын өткізетінін жеткізді.

Жер ырыс. Бірақ содан ырзығын таба алмай отырғандар бар. Енді жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдар қайтарылуы тиіс. Бұл жерлер ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай жатыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99%-і шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36%-іне ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын.

Елде 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленеді. Себебі, бізде бұл бағыттағы ахуал ойдағыдай емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмаммен 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Бұл азаматтарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды.

Білімсіздің күні қараң. Сондықтан Мемлекет басшысы биыл 200 жаңа мектеп салуға пәрмен берді. Білім беру жүйесін жаңғыртатын шаралар керек. Әйтпесе, бізде оқу жүктемесі тым көп. Көп болған соң сапа да жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жүйелі шаралар қажет. Мектеп бағдарламасына жаңа пәндер енгізу бастамасы көп. Соңғы 10 жылда 9 пән қосылған. Оқу бұл сынақ жүргізетін алаң емес. Біздегі оқу жүктемесі 67 сағат. Финляндия мен Оңтүстік Кореяда ол небәрі 39 сағат, ал, АҚШ-та бұл 55 сағат. Сондықтан дұрыс баланс керек. 

Жиын соңында Президент айтты. Біздің мақсат – азаматтардың тұрмысын жақсартып, табысын арттыру. Сондықтан мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуы тиіс.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Бақытбек Нұртаев, ПТРК