Алматыда жасанды интеллект көмегімен күрделі операция жасалды

Алматыда алғаш рет жасанды интеллектінің көмегімен күрделі операция жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық №7 клиникалық аурухананың нейрохирург дәрігерлері ишемиялық инсульт дертіне душар болған науқасты емдеуге «Cerebra» инновациялық бағдарламасын қолданды.

Зейнеткер Кенжеш Рұсқұлбекова ишемиялық инсультқа ұшырап, ауханаға түседі. Науқастың сол қолы мен аяғы жансызданып, есту қабілеті күрт нашарлаған. Ағзасы компьютерлік томографиямен тексерілген соң ақпарат  «Cerebra» жүйесінде өңделді. Шұғыл түрде миының оң жақ ортаңғы күре тамырына операция  жасалды. Содан кейін науқас есін жиып, екі аяғына тік тұрады. Қазір оңалту шарасын қабылдап жатыр.

Кенжеш Рысқұлбекова, қала тұрғыны:

- Жәрдемші дәрігерлерге рахмет айтамын. Қазір жақсы. Өстіп отырғаным солардың арқасында. Тез әрекет жасап маған көмек көрсеткеніне алғысымды айтқым келеді.

Автоматтандырылған платформа инсульттың бар-жоғын 5-10 минутта анықтап береді және тез арада мидың қан тамырларындағы өзгерісті көрсетеді. Ишемияға ұшыраған аймақ дер кезінде табылса, қажетті операция да уақытында жасалады.

Рауан Қастей, қалалық №7 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Бұған дейін миына қан жетіспеген науқастарды біз МРТ түсіріп, тағы да басқа зерттеулер жасап, біраз уақыт жоғалтатынбыз. Қазір СРБ бағдарламасының арқасында көзге көрінбейтін, мида болып жатқан өзгерістерді анықтап береді. Сол себептен қазіргі біздің жұмысымыз жеңілдеді.

«Cerebra»  жасанды зерде бағдарламасын алматылық жас ІТ-мамандар жасап шығарған. Әзірге сынақ жүйесі болса да, өзінің тиімділігін көрсетіп те үлгерді. Жақын арада бұл емдеу әдісін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы ірі клиникаларға енгізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев