СҚО-да 2016 жылдың көктемінде болған су тасқыны қайталануы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында 2016 жылдың көктемінде болған су тасқыны қайталануы мүмкін.

Метеоролог мамандардың айтуынша, қатты аяздан жер қабаты бір жарым метр қалыңдықта қатып қалған. Бұл қандай қауіп төндіріп тұр?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Метеорологтар күзде осындай түтікшелерге су құйып, жерге салып қояды. Бұл топырақтың тоңазу тереңдігін көрсетеді. Биылғы көрсеткіштер мәз емес. Қыс қатты болып, жердің қабаты едәуір қатып қалған.

Роман Гиричев, «Қазгидромет» МКК СҚОФ инженер-метеорологы:

- Бүгінгі күні жердің ең төменгі қатуы Петропавлда тіркеліп отыр. 53 сантиметр. Ең жоғарғысы Ғабит Мүсірепов ауданында. Рузаевка ауылында бұл көрсеткіш 138 сантиметрді көрсетті.

Өлшеу жұмыстары әр ауданда жүргізіледі. Қазіргі таңда жердің орташа қату тереңдігі 70 сантиметр. «Былтыр 40 болған», - дейді мамандар. Бұл көктемде су тасқынын туғызуы мүмкін. 2016 жылы солай болған.

Наталия Левина, «Қазгидромет» МКК сқоф директорының орынбасары:

- Егер көктем ерте келіп, күн күрт жылынса, еріген қар суы жерге сіңбей, Есіл өзеніне немесе елді мекендерге құюы мүмкін. Қазір облыс бойынша қардың қалыңдығы 10-28 сантиметр аралығында.

Синоптиктердің болжауы бойынша ақпанда да аязды күндер көп болады. Яғни, қара жер одан да терең қатуы ықтимал.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев