Алдағы бес жылда Шарын шатқалында 12 нысан салынады

Алдағы 5 жылда Шарында экологиялық туризмді жетілдіруге қажетті жаңа инфрақұрылымдық нысандар салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде кенжелеп тұрған экотуризмді өркендетудің қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында айтып, салалық министрлікке тапсырма берген еді. Қазір ұлттық парктерді дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп, қоғам назарына ұсынылды. Жоба бойынша Шарын сияқты мемлекеттік ұлттық-табиғи парктерде саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Шарын шатқалы – Алматыдан 200 шақырым жерде орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Әлемде мұндай қамалдар мен қорғандардан тұратын шатқалдар тек АҚШ-тың Аризона штатында ғана кездеседі. Сан ғасырдан бері табиғат шөгінді тау жыныстарының келбетін ерекше бедерледі. Мұндағы қамалдар, мұнаралар мен мүсіндер туристерді тамсандырмай қоймайды.

Алмас Садуақас, тілші:

- Шатқалды аралай жүріп, әртүрлі мүсіндер мен пішіндерді көресіз. Бұл жерде адамға, түйеге, тіпті құрбақаға да ұқсайтын тастар бар. Әрине, ол енді адамның қиялынада байланысты. Ал мына бір жартас үйрекке ұқсайтын сияқты.

Шарын шатқалы теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан. Құздардың биіктігі 370 метрге дейін жетеді. Туристік маршурт оншақты шақырымға созылады. Өткен жылы бұл шатқалдарды көру үшін 20 мың адам келген. Бірақ жартастарға өрмелеп шығуға рұқсат жоқ. Өйткені молидемит, целит пен перит сынды минералдардан тұратын құмтас жыныстар опырылып кетуі ықтимал.

Максим Акрамов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің инспекторы:

- Бақылау пунктінде әр турист өткенде сол жерде ережелер толық айтылады. Қалай жүру керек. Мысалы мынау маршрут дейміз ғой. Жолмен ғана жүргізімез елдерді. Неге десеңіз, мына жерде көптеген шөптер өседі. Соған байланысты мындай жартастасға шығуға болмайды. Тек қана жолмен жүруге болады. Содан кейін тас құлап кету қаупі бар.

Ал, Шарын өзенінің жағасындағы жартастан тауешкілерді көрудің сәті түсті. Бұл жануар еліміздің Қызыл кітабына енген. Шарында қарақұйрық пен қабан да кездеседі. Жалпы табиғи парк фауна мен флораға өте бай. Сондықтан бұл жердің әсем табиғатын әлемге таныту үшін кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Туристік инфрақұрылымдық нысандар салу үшін арнайы жер телімдері бөлінді. Парк аумағында ақпараттық-визит орталық, қонақ үйлер, дәмхана мен кэмпинг салу жоспарланып отыр. Бұл нысандарды салу үшін тендер жарияланды.

Елнұр Ахметов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің директоры:

- Инвесторларда қаржы мәселесі болу керек. Қаржылары бар екендігі туралы ақпарат болу керек. Одан кейін екінші мәселе экологиялық туризм болғаннан кейін жалпы табиғатты құртпай, керекті туристік нысандар салу. Одан кейін табиғатты қорғау саласында өрт қауіпсіздігі, экологияны сақтауға арналған талаптар қойылады.

Жалпы Шарын ұлттық-табиғи паркінде 12 нысан салу жоспарланып отыр. Олардың құрылысы алдағы 5 жылда кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Алмас Садуақас, тілші:

- Болашақта табиғи паркте салынатын инфрақұрылымдық әрі туристік нысандар арасында көпірдің де жобасы бар. Ол дәл осы Шарын өзенінің үстіне салынады. 35 метер болатын көпір таза ағаштан құрастырылмақ.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев