Ақтөбелік полицей үйсіз қалған 80 жастағы әжейді қамқорлыққа алған

Ақтөбеде баспанасынан айрылып, үйсіз қалған 80 жастағы әжейді учаскелік инспектор қолына алып бағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейуана немересінің кәсібі үшін үйін сатқан.

Бірақ отбасында жиі шыққан жанжалдан әбден қажыған әжейдің тағдыры қатардағы тәртіп сақшысын бей-жай қалдырмаған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Людмила Шевченко соңғы жылдардағы өмірін күрсіне еске алады. Өзінің айтуынша, немересінің кәсібін үшін пәтерін сатқаннан бері әбден қиналған. Бірақ жақынын тастамай, баспана жалдап бірге тұрса да, жайлы күн кешу мүмкін болмапты. Жанұядағы жанжалдан шаршап, бөлек кетуді ұйғарады.

Людмила Шевченко, қала тұрғыны:

- Мен далада қалғандай күй кештім. Ешқандай жылылық, қамқорлықты сезінген емеспін. Әбден қажыған соң сыртқа шықтым да, жүре бердім. Енді қайтып оралғым келмейді. Өйткені маған тыныштық қажет.

Әжейдің жағдайымен полиция қызметкерлері де жақсы таныс. Отбасында болып тұратын кикілжіңге орай бірнеше рет үйіне барып, тиісті түсіндіру шараларын жүргізген. Алайда, 80-дегі қарттың көмек сұрап келуі жиілей беріпті. Бұл жайға бей-жай қарамаған полиция капитаны Дастан Сұлтанғалиев кейін өз жанұясымен ақылдасып, оны қамқорлыққа алуды шешкен. Сөйтіп, соңғы екі айдан бері учаскелік инспектордың үйінде тұрып жатыр. Балалар да бүгінде әжейге бауыр басып қалыпты.

Дастан Сұлтанғалиев, учаскелік инспектор:

- Ерлік деп санамаймын. Себебі, менің өзімнің учаскелік полиция қызметін атқарғаннан кейін менің міндетім бірінші халықпен тығыз қарым-қатынас, яғни, қол ұшымды көмегімді беру. Мен алып кетпегенде әрі қарай білмеймін не болатынын.

Людмила Шевченко бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. Жуырда кезекті рет жүрегі ауырып ауруханаға түскенде Дастанның көп көмектескенін айтады. Ал, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қиын жағдайға тап болған әжейдің тәртіп бойынша қарттар үйін паналау керектігін алға тартып отыр. Дегенмен, ұзақ жыл бойы дәрігерлік қызмет атқарған кейуана интернаттағы жағдайды жақсы білетінін айтып, бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан. Есесіне, баспана жалдауға шамасы келетінін жеткізген. Бір өзі бөлек тұрса, тиісті қызметтер де көрсетілмек.

Мақпал Тұрмағамбетова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Төлқұжаты қазір бәрі бар, электрондық қолтаңбасына дейін бар жасап бердік бұл кісіге. Енді тек қана пәтер мәселесі. Біздер әлеуметтік қызметкерлер тағайындауға дайынбыз, егер әжеміз өзіне бөлек пәтерге тұратын болса.

Мамандардың айтуынша, қартайған шағында қиындыққа тап болған қарттың қалада екі немересі тұрады. Алайда, олармен хабарласып кездесу мүмкін болмады. Әжейдің өзі де бүгінде жақындары туралы көп айта бергенді ұнайпайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев