Шатырдан құлаған қар. Кім жауапты?

Оралда шатырдан құлаған қардың астында қалып, ауруханаға жеткізілген жасөспірімнің жағдайы жақсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медициналық тексерістен соң үйіне жіберілді. Ал қираған көліктің иесі бір миллион теңгеден астам шығынға батты. Пәтер иелері кооперативінің өкілдері көп қабатты тұрғын үйдің шатырын тазалау тарифтік жоспарда жоқ екенін айтады. Мән-жайды аймақтағы тілшіміз Еркебұлан Смадияров зерделеп көрді.

Дархан Нұрмұхамедов, қала тұрғыны:

- Телефоннан уақыт қарайын деп тоқтап қалдым. Үйдің үстінгі жағынан адыр-күдір бір нәрсе түсіп келе жатқанын естідім. Айналып қарайын дегенше балаларды қар басып қалды. Жүгіріп бардым да, екі баланы қардан шығардым. Бір бала аяғым ауырды деп қатты айқайлап жатты.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Дархан оқиға орнына бірден жедел жәрдем шақырды. Әйтеуір бала аман қалды.

Дәрігерлер ауыр жарақат алмағанын айтады. Дәл осы көп қабатты үйдің тұрғындары шатырдың қардан уақытында тазартылмайтынына наразы.

Аяш Өтеғалиев, қала тұрғыны:

- Бұл КСК-ның жұмыс жасамауынан. Біріншіден, қар тазаланбайды. Арыз жасайсың, олар келмейді. Міне, осындай оқиғадан кейін ғана олар келіп, тазалап жатыр.

Ал баспананың күтіміне жауапты «Еділ-Жайық» пәтер иелері кооперативі төрағасының оқыс оқиғаға қатысты айтары басқа.

Оның үстіне «балаларды кешкі сағат 18:00-ден кейін сыртқа шығаруға болмайды», деп ата-аналарды да айыптап отыр.

Мухарам Супеев, Пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Ата-аналар балаларын қадағалап отыруы керек. Мына жерге хабарландыруды екінші рет жапсырып қойдым. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін балаларға ескертіп отыруды жиі айтамын.

Шатырдан құлаған қар ауладағы жеңіл көлікке де зақым келтірді. «Темір тұлпарды жөндеу айтарлықтай үлкен шығынды талап етеді», - дейді иесі.

Бекжан Есмағанбетов, қала тұрғыны:

- Машинамның төбесі және әйнектері жарамсыз. Кейін ГАИ қызметкерлерін шақырдым. Тиісті протоколдарды толтырдық. КСК төрағасын шақырған кезде ол, біріншіден, келген жоқ. Төбеге қарайтын болсақ, тиісті бекіткіштері жоқ. Ол бекіткіштер болған, бірақ үзілгеннен кейін қайтып қойған жоқ.

Қала әкімдігінің мәліметінше, дәл осы коммуналдық қызмет көрсету ұйымының тарифтік жоспарында шатырды қар мен мұз сүңгілерінен тазарту жұмысы қарастырылмапты.

Дархан Еркінұлы, қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Егер де тұрғындардан ай сайынғы жиналатын ақшада, тарифтік қызметте егер де қар тазалау жұмыстары көрсетілмеген болса, олар (ПИК) міндетті емес. Тұрғын үй қатынастары заңына орай әрбір үйді және кондоминиум объектісін күтіп ұстау ол тұрғындардың өздерінің ауыртпашылығы болып табылады.

Коммуналдық қызмет ұйымдарының тарифтік жоспары әртүрлі болуы салдарынан көптеген үйдің төбесінде ақ ұлпа таудай боп үйіліп жатыр. «Қайғылы жағдайларды болдырмас үшін жүйені оңтайландыру керек», - дейді тұрғындар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов