ШҚО аумағын тікұшақпен барлау жұмыстары басталды

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупінің алдын алу үшін​ өлкені тікұшақпен барлау жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені осындай табиғи апат болуы ықтимал 500-ге жуық орын болса, соның 300-ден астамы автокөлік жолдары мен елдімекендерге қатер төндіреді. Алдымен мамандар өздігінен көшкін жүруі мүмкін 30-дан астам учаскесі бар Риддер қаласы маңын көріп шықты. Барлау нәтижесі әзірге жағдайдың тұрақты екенін көрсетті. Межеден асқан көрсеткіш байқалмаған, яғни 15 см бастап, 1 метрге дейінгі қалыңдықта қар түскен. Оның үстіне биыл 18 рет профилактикалық шара өткізіліп, 8300 текше метрден астам қар түсіріліпті. Дегенмен қыс қаһары әлі алда, сондықтан сақтық жұмыстары жалғаса бермек.

Омар Дүзгенбаев, «Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының басшысы
– Жалпы бүгінгі күні жағдай тұрақты, қардың қалыңдығы айтылған кестеге сәйкес, бірақ былтырғы жылмен салыстырғанда қардың көлемі әлі өз межесіне жете қойған жоқ, қыстың жағдайы әлі алда, қар әлі өз межесіне жетеді деп ойлаймыз. Алдағы уақытта осы қар көшкіні, су тасқынын бақылау зерттеу жұмыстарын ары қарай жалғастырамыз.